11.10.2023
  184


Автор: Гүлмекен Қасенбай

Қазақстан

(Армандар орындалады)

Екі мың, жиырма екінші жыл екен,
Қазақстан ең алпауыт ел екен.
Ұлы Жібек жолы арқылы тасымал,
Тоқтамастан сауда жасап тұр екен!

Уайлберс, Каспий, Маркет, Амазон,
Ашып жатыр қазақтарға жаңа жол.
Маркетплейс, онлайн сауда арқылы,
Қалтамызға түсіп жатыр ақша мол.

Жастар алған өз жолдарын анықтап,
Халықаралық жарыстарда көш бастап.
Қандай сала болса-дағы біз алда,
Шетелдіктер қызығуда, таңырқап.

Арзаншылық, экономика гүлденген,
Жапон халқы жарысуда біздермен.
Технократтар түрлі робот шығарып,
Мүгедектер шауып жүр жаңа денемен.

Дала біткен бау-бақшаға айналған,
Мал көбейіп, киіктер жүр мыңдаған.
Бір шаруада кемі он мың жылқы бар,
Кәмпитті де жасайды екен саумалдан.

Қант - ас та төк, ешкім жемей қаптап тұр,
Бидай, тары, күріш пен ұн — арзан пұл.
Мың теңгеге рестораннан ас ішіп,
Бір долларың, бір теңгеге шақ боп тұр.

Қойшы біткен ұшақпенен қой бағып,
Дрондар жүр қой қайтарып, зыр қағып.
Туристер жүр киіз үйді паналап,
Атқа мініп, балық аулап, қуанып.

Тап-тұйнақтай әжетхана бар жерде,
Тегін кіріп, қажетіңді өтеуге.
Дәретіңді ап, намазыңды оқисың,
Қасындағы намазхана бөлмеде.

Ұрлық-қарлық, қылмыс деген мүлдем жок,
Әрбір адам, өз нәпсімен әуре боп.
Ұлын — патша, қызын — ханша секілді,
Тәрбиелеп, тектілікке бұрған бет.

Арақ, сыра, шылым, көкнар құрыған,
Естігендер шошынады болып таң.
Түрме біткен қонақүйге айналып,
Қарттар үйі, жетімхана жабылған.

Бала біткен талантты әрі дарынды,
Жаңалықтар ашып жатыр жағымды.
Ана тілін терең зерттеп, дамытып,
Кемі он тілде сөйлеп кеткен барлығы.

Заводтар мен цехтар көптеп ашылған,
Әр қазақта екі-үш үй бар байыған.
Миллион теңге жалақының төмені,
Шет елдік көп, құрылыс істеп, мал баққан.

Қой үстіне бозторғайлар ұя сап,
Мамыражай заман туған бір ғажап.
Ренжісу, өкпелесу ұмыт боп,
Бақ-береке қалған екен қонақтап.

Жақсы сөзге «әмин» десін періште,
Тағдыр деген — кешегі сөз емес пе?!
Ауызды ашсақ, дұға, бата төгілсін,
Байлық деген — ойдан туған береке!!!


17.07.2022

Гүлмекен Қасенбай





Пікір жазу