10.10.2023
  130


Автор: Гүлмекен Қасенбай

Тәуелсіз елдің арманы

Еліме бір өзгеріс кеп жатқандай,
Батса екен озбырлықтың күні ұзатпай!
Қазағым молшылыққа молықса екен,
Садақа беретұғын адам таппай...!

Шет елге кеткен жастар қайта оралып,
Ортаға үйренгенін бөлсе салып.
Дамытып қазақ елін, қазақ жерін,
Әр адам жүрсе шіркін орнын тауып.

Жұмыссыз адам болмай бос сенделген,
Бәрі де айналысса түрлі өнермен...!
Жат елдің Айфондарын артқа тастап,
Мақтансақ "made in kz" дүниелермен.

Роботтар егін ексе,​ бақша өсіріп,
Өнімін сатсақ елге көл-көсір ғып.
Дамыса барлық сала елімізде -
Танылсақ күллі әлемге өнеге боп!

Түрмелер, жетімхана, қарттар үйі,
Жабылса жататұғын болмай кісі.
Ең ауыр қылмыс болып - ренжісу,
Жамандықпен болмаса елдің ісі!

Ұстаздар оқытудан жалықпаса,
Шәкірттер білімсүйгіш халық болса!
Ғылыми жаңалықтар күнде ашылып,
Ғалымдар қартайтпайтын дәрі тапса!

Су үсті жүзетұғын үйде тұрып,
Аспанда ұшатұғын көлік мініп.
Еуропа, Америка, Кореяға -
Зат сатсақ тонна-тонна үйде отырып!

Өндіріс орындары көп ашылып,
Тұрса екен тауарлары сыртқа шығып.
Әлемнің бар нарығын түгел жаулап,
Біздерге құт әкелсін тәуелсіздік!

Гүлмекен Қасенбай
18.01.2021





Пікір жазу