10.10.2023
  87


Автор: Гүлмекен Қасенбай

Орамал және білім

Қыпша бел,​ аққу мойын,​ әсем мүсін,
Ару ем тамсанатын көрген кісі.
Бір құрбым себеп болып,​ Хақты танып,
Жаныммен құлай сүйдім исламды шын.

Ендігі бар мақсатым Жәннат болып,
Көп ойлап,​ көп оқыдым құлай​ сеніп.
Өмірін пайғамбардың зерттей түстім,
Әр аят не үшін түсті? Хадис не?- деп.

Оқыған сайын оған шөлім қанбай,
«Даналық осы екен ғой»- дедім талай.
Киімім күнде ұзарып,​ тіл қысқарып,
Басыма орамалды салдым орай.

Ел бөлек, мен бөлек боп ой жарылып,
Жаныма шуақ шашты жалғыз үміт.
Жан-жақтан таласа да алға ұмтылдым,
Қорықпай, бір Аллаһқа тәуекел ғып.

Сәждеде жар тіледім шын иманды,
Ұл менен қыз тіледім тәтті, ибалы.
Ұзамай тұрмыс құрып кете бардым,
Таптым да ұзақ күткен намазханды.

Басталды сосын шіркін сынақ жылдар,
Өзгерттім өмірімді елге ұнар.
Ұлымды салып алып қоларбаға,
Күміс саттым аралап кеңсені әр.

Асхана аштым қызымды туғаннан соң,
Қайта жаптым,​ қараусыз қалғаннан соң.
Адал жұмыс істейтін адам таппай,
Ғылымға кеттім сосын бір сілтеп қол.

Екі диплом,​ аспиранттық құжатыммен,
Жазу жаза бастадым тапсырыспен.
Өлең,​ әңгіме, қойылым,​ ашық сабақ,
Жобаларға ой қостым тың әдіспен.

Ұстаздық жұмыс​ іздеп мектептерден,
Талай жерге кетіп-ед(і)​ түйіндемем.​
Талантым ұнаса да​ жаулық үшін,
Басшылары маңынан жүргізбеген.

Ниет болса Аллаһ та береді екен,
Ұстаздарға көмегім керек екен.
Сенімді әрі сапалы еңбек үшін,
Номерім тарапты елге желілермен.

Сегіз жылдай арзанға жазу жазып,
Кете алмадым үй салып,​ не бір байып.
Тақырып пен пәніне қарамастан,
Ізденумен өтіпті жылдар ағып.

Жылдар өтті..​ мен болсам ой үстінде,
Ғылымды тани түстім үсті-үстіне.
Тәжірибе жинақтап, санам толып,
Келіппін биыл міне қырық екіге.

Бір қызығы дәл қазір жұмыс та көп,
Жаза білсең болғаны сауатты ғып.
Екі-үш тілден хабарың болса тіпті,
Қолдан-қолға кетесің эксперт боп.

Мектептер де ойланбай шақыруда,
Қарамаймыз деп жатыр орамалға.
Ащы еңбектің тәп-тәтті дәмін сезіп,
Мың бір шүкір айтамын Жаратқанға!

Беретінім көп менің Отаныма,
Талантым айналған жанартауға.
Қолдарына бір-бірден шырақ ұстап,
Шәкірттерім күтіп жүр от алуға!

Жарылам да ағылам отбұрқақ боп,
Үйретемін жазудың қыр-сырын көп.
Дарынымның тұқымын шашам елге,
Гүлмекендер ертеңгі көбейсін деп!

Гүлмекен Қасенбай
18.12.2022





Пікір жазу