10.10.2023
  2103


Автор: Гүлмекен Қасенбай

Жездеге туған күнге тілек

Жездемнің құтты болсын жаңа жасы,
Қадірлі бола берсін ғазиз басы.
Ұл-қызы шеттерінен атақты боп,
Тарихта қалсын мәңгі жақсы аты!

Әпкеммен тең қартайып,​ күліп-ойнап,
Арманы орындалсын жүрген ойлап.
Отбасы,​ ағайыны,​ туыс-туған,
Барлығы аман болсын гүлдей жайнап!

Аллаһтың мейірі түсіп шаңырағына,
Жүрегі уайымнан болсын таза.
Біліп-білмей істеген күнәларын,
Түгел кешсін әл-Ғафур Умрада!

Ризығы арта берсін күннен-күнге,
Құшағы тола берсін немереге.
Қияметте нұрдан тәж кигізетін,
Қари,​ хафиз тарасын кіндігінен!

Жүзден аса ұзақ жыл өмір сүрсін,
Сауапты ісі көп болып,​ Рахман сүйсін.
Осы өмірде жүріп-ақ Фирдаустан,
Жүз бөлмелі алтыннан сарай құйсын!

Қияметте тіріліп пайғамбармен,
Көлеңкеде отырсын аппақ жездем.
Есепсіз-ақ Жәннатқа кіретұғын,
Ең алдында болса екен жетпіс мыңның!

Айдай сұлу әпкеммен қол ұстасып,
Екі өмірде бай болсын алқып-шалқып.
Осы айтылған тілектер қабыл болып,
Шын жүректен жүрейік біз қуанып!

20.12.2022





Пікір жазу