Анама тілек
Әкеміздің гүлдендірген өмірін,
Жүрегіме дәнін еккен мейірімнің.
Жан анашым сіз екенсіз ойласам,
Бал бақытын сезіндірген өмірдің.
Анам бар деп — тәтті өмір сүріппін,
Сіз болған соң — уайымсыз жүріппін.
Ұрыссаңыз да, соқсаңыз да кей-кезде,
Тез ұмытып, кек сақтамай күліппін!
Сіз болған соң — ойламаппын қайғы да,
Жоқ нәрсені «тап» деп салдым уайымға.
Тойға барсаң етегіңе оралып,
Сыбырлаушы-ем «тәтті әпер»- деп құлағыңа.
Түсінбесем сабағымды сұрадым,
"Ертегі айт"- деп, "сурет сал"- деп қинадым.
"Таныстыру шығарып бер жарысқа"-
Деп ұдайы бір "жаңалық" шығардым.
"Ең әдемі көйлек тігіп бер"- дедім,
"Бар"-ға сеніп, "жоқ"- дегенге сенбедім.
Күні бойы бел жазбаған анамның,
Түні бойы ұйықтағанын көрмедім.
Сырмақ сырып, көрпе қауып түнімен,
Киім тігіп, тоқымаңды бітірдің.
Ал таң атпай, тәтті құймақ пісіріп,
Жиі сүйіп оятушы-ең бетімнен.
Сол мейіріммен ұшып шығып ұядан,
Орын таптық дәл өзіңдей қиядан.
Ана болу — көзсіз ерлік екенін,
Перзент сүйіп, бірақ бірақ білдік, анажан!
Бүгін міне сексендегі «әже» боп,
Немерең мен шөбереңді әлдилеп.
Махаббат пен мейірімге бөленіп,
Төрде отырсыз ұрпағыңа бақ тілеп!
Сан мың шүкір Жаратқанға айтамыз,
Жанымызда болғаны үшін анамыз.
Алды алпысқа, соңы қырыққа келсе де,
Еркелейді әлі жеті балаңыз!
Бар болыңыз, аман болып әрқашан,
Дұғагөйім, батагөйім, жан анам!
Сіз жазуға үйреткен оң қолыммен,
Ізгілікті тарататын жыр жазам!
Сүюді де сізден көріп, үйрендім,
Бауырмал боп, тас жүректен жирендім.
Жарға адал боп, ата-енеге құрмет қып,
Жүріп келем, сіз сап берген сүрлеумен.
Әрбір ана осы тойда отырған,
Тек жақсылық көре берсін ұл-қыздан!
Өз анамнан бөліп қарай алмайтын,
Бір адам бар, сонау төрде отырған.
Жел боп тимей сөзіменен бетіме,
Өз қызындай мейірім төккен көзінен.
Екінші анам, «ене» деуге қимайтын,
Құдағиың келіп отыр Шымкенттен.
Аман болып, түгел болып жан-жағы,
Атам, анам, жасай берсін ондағы.
Екі өмірде мұң шалмасын жүздерін,
Орындалсын ойға алған бар арманы!
Баршаңызға алғыс айтам қонақтар,
Қиған бізге қымбат минут, сағаттар.
Тілек айтып, қуанышты бөліскен,
Болса-дағы жұмыс қауырт, уақыт тар.
Той көп болсын әулетте де сіздердің,
Келін алып, жақсы жерге қыз бергін.
Сексен, тоқсан, жүзге келіп баршаңыз,
Өсіп-өніп, айналаңыз гүлденсін!
Гүлмекен Қасенбай
07.07.2023