"Төле би" телехикаясы (рецензия)
“Қара қылды қақ жарған” әділдігі мен туралығының арқасында, қазақ даласының ұлы төрешісі бола білген, Төле би туралы телехикая 2019ж көрерменге ұсынылды. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында “Ұлы даланың ұлы тұлғаларын” ұрпаққа таныту мақсатында түсірілген телехикая, бүгінде көрерменнің көзайымына айналды.
Бұл ғұмырлық телехикая десек те болады. Себебі бұл туындыда Төле бидің шырылдап дүние есігін ашқан сәтінен бастап, ер жетіп, төрелік айтқан, Төбе би атанға, ел басқарып жүріп өмірден өткені суреттеледі. Тарихи деректерге сүйене отырып түсірілген туынды, Төле бидің өмірі арқылы сол заманның ащы шындығын көрсете білген. Қазақ даласындағы кез заман,кең далада қойдай боп шашыраған қазақ руларының арасындағы бітіспейтін араздық, тұтқұйылдан соққан жау, балапан басымен, тұрымтай тұсымен азып-тозған қазақ жұртын көре аламыз. Телехикаяда Төле биді қазылық қырынан бөлек, батырлығы, тапқырлығы, шешендігі және іскерлігі де суреттелген. Бір бойында бар қазаққа жететін даналық пен дарындылық Төле биідің бойынан бала кезінде-ақ байқалған. Болатын бала басынан деп, Әлібек би баласын әрдайым өзімен ерте жүрген. “Болам деген баланың, бетін қақпа белін бу !”- деген қазақ жас Төлеге төрелік айтуды 9 жасынан-ақ тапсырған. Осы орайда ел үмітін ақтаған Төле “Бала би”атанып ел ішіндегі даулардға төрелік айтып ер жеткен. Телехикаяда ұлттық құндылықтарға баса назар аударылған. Қазақ ауылдары, ағайынның арасы, бай мен кедей, ер-жігіттің бес қаруы, қазақ қызының нәзік болмысы мен қайсарлығы, ұлтымыздың сөзге шешен, сөз сөйлей білген, сөзге тоқтай білген ұлт екендігін, бұл телехикая бүгінгі қоғамның есіне тағы да салды. Әр төрелік айтарда Төле би шариғат шеңберінен шықпай, атадан қалған дала заңына бағынып шешім шығарған. Сонымен қатар Тәуке ханның тұсында “Жеті жарғы” заңдар жинағын жасауға қатысқан билердің даналығы мен әділдігі жүрегіңе жылу ұялатып, бүгінгі заңның осалдығы қынжылтады. Телехикаяда батырлық, достық пен махаббат сезімдері де әсерлі суреттелген. Үш жүздің басын қосуға бар күшін салған Төле бидің орны, халық арасында сұлтандардан да биік болған. Телехикаяда Ташкентті 20 жылға жуық басқарған Төле би көршілес елдермен бітімгерлік жасай білген, елдің жігерін жасытпай әрдайым өзінің шешендігімен, құнды, асыл сөздерімен елдің еңсесін көтеріп, ұлтты ұйыстырып, бытыраған қазақты біріктіру жолындағы ерлік әрекеттері дәріптеледі.
Қорытындылай келе, тарихқа арқа сүйемегеннің болашағы бұлыңғыр. Бүгінде мәннің мағынасы кеміп, ақпараттық соғыс заманында, тарихты жадыңда сақтап қалу- жалпы өзіңді-өзің сақтап қалудың, адами болсысыңды жоғалпаудың жалғыз жолы. Ардан аттамаған, текті елдің теңдессіз ұлдарын бүгінгі ұрпаққа фильм арқылы жеткізу, ұлттың санасын жаңғыртып, тарихи- мәдени дәстүрімізді дәріптеудің бірден-бір жолы.