Республика күні
Республика күні ұлттық мереке. Бұл мереке елімізді Тәуелсіздікке бастаған мейрам. Тәуелсіздікті қаншама қазақтың зиялы қауымы армандағаны тарих беттерінде айқын көрініс тапқанын білеміз. Олар тіпті тәуелсіздікті, ащат ел болғымыз келеді деп те ашық жаза алмаған. Өйткені, ашықтан ашық жазса халық жауы болып қамауға алынған. 1937 жылды еске алсақ қазақтың қаншама ақын-жазушылары репрессияға ұшырады емес пе?! Сол зиялылар аңсаған, сол зиялы қауымдар көре алмай кеткен Тәуелсіздіктің ақ таңын міне біз көріп, жанымызбен сезініп жүрміз. Бұл әрине біздер үшін үлкен қуаныш. Азаттықтың ақ таңын көріп, өз туған жерімізде өмір сүріп жүрген біз расында да бақытты жандармыз.
1990 жылы қазан айының 25-і күні Қазақ КСР Жоғарға Кеңесінің шешімімен «Қаз КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданған болатын. Сол сәттен бастап егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке, тәуелсіз мемлекет ретінде таныла бастады. Бұл декларация еліміздің тәуелсіздігінің іргетасы болып, содан бастап Тәуелсіздіктің ақ таңы жарқырап шыға бастады десек қате айтпағанымыз болар. Өзінің жеке территориясы мен діні, тілі, азаматтығы мен жеке бюджеті бар дербес елге айналып үлгерген Қазақстан елімізді бүгінде көптеген шет елдіктер танып, тіпті еліміздің шырайлы жерлерін көруге саяхаттап келіп жатады. Бұл дегеніміз, біздің еліміздің жұлдызы жарқырап, аспанында күн күлімдеп, шуағы бүкіл елімізге жылу беріп тұр деген сөз.
Осынау Республика күнінде бастау алған азаттықтың ақ жолын сақтау, ауызбіршілікті сақтап еліміздің жандануына үлес қосу әрібіріміздің міндетіміз болмақ! Ендеше, 25 қазан Республика күні құтты болсын Қазақ елі!