25.09.2023
  90


Автор: Мехнат Теміртасқызы

Екі жанға ортақ ойды табайық…

Екі жанға ортақ ойды табайық.


Махаббаттың ауруы ма?


Қані, айық!


Осы түпсіз сезімдерге келгенде,


Таралғысын тартып па еді, тауариқ?!


 


Өнеге еткен өткендердің бұл ісін,


Сен де жаным, көп Мəжнүннің бірісің.


Төлегенін төресіндей көрмесе,


Жібек жырлар жазылады, кім үшін?


 


Түңілеміз, ойдағы іс оңбаса,


Мұңсыздарды мазаламас ол да аса.


Шын махаббат қызықсыз боп кетер ме,


Əр заманның бір Қодары болмаса!


 


Бата көрме, мұңлық ойға тым қатты,


Қадіріне жету үшін шын бақтың.


Қыз Жібектер қосылар ед теңіне,


Ақ боз аттар бос келмесе, қымбаттым!





Пікір жазу