25.09.2023
423
Тіршілік
Күбір-күбір, жыбыр-жыбыр тіршілік,
Тал құлайды, өсер тағы бір шыбық.
Таудан төмен, сырғып ақса бір бұлақ,
Бір өзеннің алқымы тұр тұншығып.
Көпестердей ыңыранса əлде кім,
Ал, біреулер аһ ұрады ыршынып.
Ақ Жайыққа ағып кетсе бір Жібек,
Бір Жібектер ойнақта жүр құлшынып.
Əне-міне, алаңдайсың абайсыз,
Құмырадан кетеме деп, жын шығып.
Біреулерге жеткізбейді шіркін бақ,
Сұлу сынды, ұстатпайтын сылқылдап.
Қуалайсың, темір етік тебендей,
Сұқ саусағың тесіп шығар жылтылдап.
Біреулер аш...
Ал, біреудің бұл кезде,
Қазанында қазы қайнар бұрқылдап.
Пенделікпен, қол сілтеме тірлікке..
Саған кейде, көрсеткен де сыртын бақ.
Шүкірлік ет!
Шайтанменен періште,
Иығыңда жүреді ылғи, тың тыңдап!