25.09.2023
  109


Автор: Мехнат Теміртасқызы

Ауылға кеткім келеді

Қойнауы құтты, киелі,


Нарша бір шөккен — ауылым!


Таулары биік, еңселі...


Аршаға бөккен — ауылым!


Бар ма екен жердің бетінде,


Өзіңдей мекен — ауылым!


Өзгенің жерін өзіңдей,


Сезінбей өтем — ауылым!


 


Қаладан іздеп, жақсы жəй,


Жетелеп алға жол-мұрат.


Теріскей беті, тірліктің,


Жаныңды кейде тоңдырат.


Батпандай байлық көрмедім,


Бармақтай бірақ, қонды бақ.


Қалада жүріп, қатардан,


Келеді алға озғым-ақ!


Шаршаған кезде шарқ ұрып,


Шаһарды тастап, ауылға,


Тартып — ақ кеткім кеп тұрад (ы)!


 


Қозы-лағыңды шулатып,


Беткейге беттеп балалар.


Ақ сазаныңды тулатып,


Ақ бұлақ өзен таранар.


Бұлдырық ұшып «пыр»,


Жусанның түбін паналар.


 


Базарлы ауыл, у да шу,


Мейірін жанға төгеді.


 


 


Ақ жарқын жандар аңқылдап,


Пейілін саған береді.


Құт-берекем-ай, қайнаған,


Қазақы аймақ себебі.


Аңсаған кезде барлығын,


Ауылға кеткім келеді!


Ауылға кеткім келеді!


 


Бəрі де ыстық сенде өткен,


Көктемі, жазы, күздері…


Жағалаулар да жатқандай,


Балалығымның іздері...


 


Сол соқпақпенен, таудағы…


Тағы да өткім келеді.


Жіберші мені Алматы,


Ауылға кеткім келеді!


Ауылға кеткім келеді!





Пікір жазу