25.09.2023
  80


Автор: Мехнат Теміртасқызы

Ақын сезімі

Дүлділісің өзің сүйген ортаның,


Жасамайын жабыққандай жорта мұң.


Жан-жағыңнан қаумалаған əлемің,


Жұтып сені кете ме деп қорқамын!


 


Ақынысың өзгелерден жолы артық,


Мұңаясың кейде ойыңды тоналтып.


Жүрегіңді жаралайсың шарқ ұрып,


Алаңдаймын алам ба деп жоғалтып!


 


Сүйіктісің сансыз жанға жырыңмен,


Кезіңде кем, келелі ойдан сүрінген.


Кеше біреу ғашық болса өзіңе,


Өлеңіңді сүйіп қалдым бүгін мен!


 


Терең сырың тебіренсе дегбір жоқ,


Тоқтата алмас, орағандай зеңгірді от.


Асау жырың алыстырар өзімен,


Ауыздығын шайнағандай Теңбілкөк!


 


Ақырындап жүрек сосын жайланып,


Күн болады аймалайды айды анық.


Жырларыңа ғашық болған сезім-қыз,


Терезеңді қағары анық жəй барып.


 


Назы деп ұқ, нəркес тартқан көңілдің,


Назарымды аударады өр үлгің.


Келеді ылғи сезіміңе серік боп,


Өлеңіңе өмір болып өрілгім!





Пікір жазу