25.09.2023
  91


Автор: Мехнат Теміртасқызы

Пендеміз ғой кəдімгі

Біз əйтеуір болмашыға құнықтық,


Ұрпақ өсті ұрымталда «ұрып жық».


Көзіңізді арбайтұғын гүлдердің,


Тікенегі болатынын ұмыттық.


 


«Қасқырмын» — деп қыз да, ұл да ұлиды,


Көрінгенмен сыртқа əсерлі, тым игі.


Болат тұяқ, мығым қанат, қыран құс,


Көктен төніп, неге екенін...


Жымиды?!


 


Біз əйтеуір қызықпасқа қызықтық,


Бөсеміз деп, бəсімізді құрыттық.


Аш бөрінің қорадағы қой түгіл,


Адамға да шабатынын ұмыттық.


 


Жаттап алдық бір сөздерді ұрандай,


Керек бізге, керт мінезді Құнанбай!


Елге еңбегің сіңе алмаса серт байлап,


Өз-өзіңді, жартасқа соқ қырандай!


 


Сабырыңды сарқып бітпей сақтап іш,


Бас ілдірмей кете қоймас, бақ та алыс.


Аш бөрідей ұлығанша таса да,


Қыран сынды, өле білу мақтаныш!


 


Бір-біріңе төге бермей кəріңді,


Тəтті ауыздан кетіргенше дəміңді.


Жаттанды сөз неге керек пəниде,


Күнəсі көп пендеміз ғой кəдімгі!


 


 


Біз əйтеуір, еліктегіш елденбіз,


Болса дейміз алпамса ер, жөндем қыз!


«Ер болам» — деп кейбір қызың əбігер,


«Қыз болам» — деп жатқан ерді көргенбіз!


 


Біз əйтеуір, даурықпаға құмармыз,


Қалды Құлаң құба белде, тұмарсыз.


Шыны ішінің «сиқырына» арбалып,


«Бөріміз» — деп, шулап кеткен шығармыз!


 





Пікір жазу