10.09.2023
  81


Автор: Шөмішбай Сариев

Түнгі Ашхабад

Құдағиымыз Сария ханымға Автордан!
Сылқым сұлу көктем айы керіліп,
Ойлар деген жүректерден өріліп.
Түнгі Ашхабад! Араладық төртеуміз,
Түнгі аспаннан жұлдыздары төгіліп.
Көзбен көрмей, көре алмайсың түсіңде,
Бұрқақ шашқан гүлзар бақтың ішінде.
Түрікменнің жауынгері асынған,
Жеті қару аспабымен мүсінде!
Көше толып кең көсілген ұзын жай,
Сәулетті үйлер тұздығы мен тұзындай.
Бәрін-бәрін таныстырған құдағи,
Сария да түрікменнің қызындай.
Келген күні – кешімізді арнадық,
Бәрі осындай болсын дей ме бар халық.
Жүсіп құда, құдағиы – Жұмагүл,
Ашхабадты сүйіп қалды таң қалып.
Патшалар бар, өз қаласын салған бар,
Өте шығар өмір деген жалған бар.
Әрбір ұлттың бір перзенті осындай,
Көркем етіп Қала салса, не арман бар?
Жерден биік үй тұрғызған тас қалап,
Ешкімге де ұқсамайтын басқа бақ.
Түнгі Ашхабад араладық төртеуміз,
Қос жанардың алдында тұр Ашхабад!
Көкейінде ұялатар гүл-жазды,
Көрмеп едік мұндай қала сырбазды.
Ашхабадтың бейнесіне таңырқап,
Ақын жүрек өз ішінен жыр жазды.
Орындалып ұлтым деген мақсатты,
Жолаушылап жаһан кешкен жақсы аты.
Құдамыздың мақтайтыны тағы да,
Өз Елшіміз Оразбайдың Асхаты.
Өз қызығы – өзінде екен күнімнің,
Өзі қандай жұлдыз шашқан түнімнің.
Бүгін бәрін көріп-біліп жатырмыз,
Құдай берген арқасында ғұмырдың.
Ризамыз хан-патшасы, бегіне,
Ұрпақтары тартқан екен тегіне.
Ұлы қазақ ақыны боп мен келдім,
Сәлем ұлы Мақтымқұлы Еліне!

24-25 желтоқсан 2010 жыл
Алматы шаһары.





Пікір жазу