Сағат досыма!
Сенің жаның жайсаң еді, кең еді,
Сол бір кеңдік жүрегіңді емдеді.
Айтатұғын дүниеге, еліңе,
Армандарың, Армандарың көп еді.
Халқыңның да қинай-тұғын сан азы,
Болдың талай дүниеге наразы.
Әшкиіңнің аржағында ойлы көз,
Бұл өмірді өлшеп-пішер таразы.
Сырын ашып ақтаратын ол маған,
Қапа еткен қадірді ұқпас сол заман.
Мұхамеджан Қаратаев ұстаз деп,
Қирабаев Серік-сынды болды ағаң.
Бір Тәңірдің қолдауын тек сұрадық,
Сүрінсек те, дей алмаймын құладық.
Жаман-жаман, жақсыларды жақсы деп,
Сол заманда бірге жүріп сынадық.
Орны достың мәңгі бақи толмайды,
Сағат досым сыншы болып толғайды.
Сын бөлімі қиын бөлім еді ғой,
Қызмет сол, сынамасқа болмайды.
Жастық деген тайсалмайтын жойқын шақ,
Үрген итке баз біреулер қайта ұқсап.
Талайлардың дөң айбатын көрдік біз,
Сын жолында ақиқатты айтып сап.
Абай аға! іштік талай уыңнан,
Нашар кітап! Салқын жүрек суынан.
Нағыз сыншы Сағат болды соңғы кез,
Әдебиетке біздер келген буыннан.
Әдебиет қой, жүзіп жүрген бір кемең,
Алда жатыр түрлі кітап, түрлі өлең.
Ашып айтып ақиқаттың алдында,
Сағат досым, биіктеді сынменен!
Ұлы өлеңнен өз бақытын тапса Абай,
Тәңір берген өз дарынын бақ санай.
Көтерілді Сағат досым осылай,
Қиын тағдыр, сын тағына патшадай!..
31 қаңтар 2011 жыл
Астана қаласы.