10.09.2023
  98


Автор: Шөмішбай Сариев

Махтұмқұлы

Көп ойланып көрсем денем келерде,
Бір табынар тұлғалар бар ел-елде.
Махтұмқұлы ескерткіші ойлы екен,
Сақалымен батқан ойға тереңге.
Ойға батқан, ой тұңғиық соншама,
Бүгін бақыт ұлы еліне қонса да.
Түрікменді Махтұмқұлмен өлшеймін,
Өлшенбейтін ойы заңғар болса да.
Берекелі елде мынау бусана,
Жұмбақ әлем – қиял ізін қуса да.
Махтұмқұлы – азаматқа ұлы ақын,
Түрікмендей бір ұлт үшін туса да.
Өмір бастап, өлеңменен ол бастан,
Мақтұмқұлы – шежіре жыр, мол дастан.
Жүрегінен ыстық-аптап есетін,
Қос жанарын мәңгі бақи шөл басқан.
Түрікмендік анасымен Махтұмқұл,
Түрікменнің баласымен Махтұмқұл.
Жүрегіңде туған ұлттың дауысы,
Шөліркеген даласымен Махтұмқұл!
Толған айдан түн арайы Махтұмқұл,
Ыстық жүрек күн арайы Махтұмқұл.
Түрікмендей туған ұлы, ұлты үшін,
Ұлы Пушкин, ұлы Абайы Махтұмқұл.
Бәрі өлең, бәрі жыр ғой көргенім,
Махтұмқұлды – туған елде төрледім.
Түрікменнің ұлы ақыны – Махтұмқұл,
Ұлы ақыны өмір сүрген Елдемін.
Өз сақасын салғандайын түренге,
Жайылған ғой, мінәжәт боп жыры елге.
Түрікменнің астансы – Ашхабат,
Махтұмқұлдай ақыны бар ұлы Елде!
Ақын жүрек, нағыз ақын расында,
Дәуір асып, сөзі жеткен ғасырға.
Басымды идім тағзым етіп бүгін мен,
Махтұмқұлы ескерткіші басында!
Тұлғаланып төгілетін көркімен,
Еңселеніп көрінетін бөркімен.
Ұлы Елмін айта аласың жаһанға,
Махтұмқұлдай ақыны бар түрікмен!

24-25 қаңтар 2011 жыл
Алматы – Ашхабат.





Пікір жазу