10.09.2023
  130


Автор: Шөмішбай Сариев

Көкбөрінің тағдыры

Көкбөрі бұл жортып жүрген жаһанда,
Бәлкім оның күні бір күн батар ма?
Бәлкім оның күні бір күн атар ма?
Көкбөріміз жортып жүрген жаһанда.
Кезген бөрі не бар, не жоқ қоңында,
Білмей өзі аш-жалаңаш тоғын да,
Көбөрінің арыстандар алдында,
Көкбөрінің жолбарыстар соңында.
Тасқа тиіп талай тағдыр тайсалтар,
Оңай болды дейсін оған қай сапар,
Аюлар бар қоңыр, қара, ағы бар,
Екі басты жыландар бар айдаһар.
Бәрін көрген, бәрінен де саспайды,
Көкбөрі бұл күрес-майдан бастайды.
Бір жағынан аштық зәрі анталап,
Бір жағынан иттер талап тастайды.
Бірде тауда, бір бет алып арқаны,
Қайғыменен өтті талай әр таңы,
Қара жер мен аспан екі арада,
Көкбөрінің тағдыры азап тартады.
Талай ғасыр атқа қонып желпіндік,
Көкбөрінің тағдырымен серпілдік.
Қасіретті қара жерде осынау,
Көкбөрінің бақыты еді еркіндік.
Көкбөрідей бәрін тарттық азаптың,
Алдымыздан шыға қоймай ғажап күн.
Сол еркіндік енді елімнің төрінде,
Дастарханын жайып отыр қазақтың.
Неге енді жұбанбасқа ал, бұған,
Неге енді қуанбасқа ал, бұған,
Кең көсіліп кең даламда тұлпардай,
Бір серпілді тауларым да қалғыған.
Елім менің еңселенді көп көрім,
Ел бақыты, бұл бір күнге жеткенім,
Тәуелсіз ел қазағыммен қуанам,
Еркіндігің құтты болғай көкбөрім!





Пікір жазу