10.09.2023
  86


Автор: Шөмішбай Сариев

Виндзор сарайы

Жайлауға жайылтқандай жандарды кең,
Ағылшын текті ел екен аңғардым мен.
Он бірінші ғасырдың ғажайыбы,
Виндзор атты сарайға таң қалдым мен.
Ерекше екен ағылшын бас киімі,
Патшалардың дәм татар – ас қиыны.
Қаланған әрбір кірпіш ғасырлық боп,
Ғасырлардың ғасырлық тас түйіні.
Ғалымдары тереңнен басты ізденіп ,
Темір сауыт киінген тас көзденіп.
Алыстан жанар салып қарайды екен,
Терезесі жауларға аш көзденіп.
Тағдырдың тамырларын жиілетіп,
Махаббаты өртеніп сүйіп өтіп.
Әрбір тас өз-өзінше сөйлейді екен,
Тарихтың мәртебесін биік етіп.
Әр бөлмені өзінше атай салып,
Бабалар сөздеріндей бата ой салып.
Қорғаныс боп қаз қатар орналасқан,
Әрбір үй ата жауға атой салып.
Ұлтынан ұлы күшті аясын ба,
Қанатыңды, әй ұрпақ жаясын ба,
Дөңгеленген дүние сияқтанып,
Дөңгеленген шатыр көп аясында.
Тас қорған дидарларын бұлыт басып,
Ағылшын ұрпақтары рухтасып,
Бәрі де еңселерін биік ұстап,
Ұлағатты ұлы істі ұлықтасып.
Өткен күн өлең болып мұңға батып,
Герцогтар сауыт киген тұлға батыр.
Виндзор атты сарайдың әр бөлмесі,
Ағылшын аталарын жырлап жатыр.
Үні бар әр тасында асыл күйдің,
Мәніндей шаһар қала ғасыр күйдің.
Азиялық жүректі толғандырған,
Виндзордың сарайына басымды идім!


 


 


20 шілде 2012 жыл
Лондон шаһары


 


 





Пікір жазу