08.09.2023
  76


Автор: Шөмішбай Сариев

Екі арада таңым атып, күн батып

Екі арада таңым атып, күн батып,
Дүниеде өзің мені жырлатып.
Поэзия падишасы – лирика,
Сеніменен кездескенім бір бақыт.
Жер анам да бір орнында тұрмайды,
Дүниенің өзі де ақын жырлайды.
Поэзия падишасы – лирика,
Сеніменен қоштасқаным бір қайғы.
Қарашығы, қос жанарым шырағы,
Кәусар мөлдір өмірімнің бұлағы.
Поэзия падишасы – лирика,
Кездесу мен қоштасудан тұрады.
Қимай осы, өмір сүріп аңсаған,
Көз алдымда өтті менің қанша адам.
Қайғым да осы, бақытым да – лирика,
Басымды идім, О, падишам, мен саған!

18-19 желтоқсан 2012 жыл
Алматы шаһары


 





Пікір жазу