08.09.2023
  146


Автор: Шөмішбай Сариев

Өмір

Адамды өмір шыңдайды
Тіршілік ағыс тынбайды,
Өмір кейде қуаныш,
Өмір кейде мұң-қайғы.
Адасардай бірде адам,
Құпия-жұмбақ бұл ғалам,
Өмір кейде төте жол,
Өмір кейде шырғалаң.
Бір Алланың жолында,
Бәрі адамның қолында,
Өмір кейде бақытың,
Өмір кейде сорың да.
Тербете алған мұңын-ау,
Кім жете алған сырына-ау,
Өмір кейде асқар шың,
Өмір кейде шыңырау,
Ата-бабам нұсқады ол,
Жете алар ма, құсқа қол,
Өмір кейде тым ұзақ,
Өмір кейде қысқа жол.
Бақыт бағын біле біл,
Айнала бақ гүл өңір.
Көп болса да қайғысы,
Аз болса да қайғысы,
Сонда дағы ұлы өмір!..

3-4 қазан, 2012 жыл.
Алматы шаһары.


 





Пікір жазу