08.09.2023
  71


Автор: Шөмішбай Сариев

Ассалауғыма әлейкүм, Елім, Жұртым!

Ассалауғыма әлейкүм, Елім, Жұртым!
Туған күнім, ағайын, менің бұл күн!
Амандасып қалайын өздеріңмен,
Өзендей өте шығар Өмір бір күн.
Бөледім сансыз мәрте жанды мұңға,
Шомылдым таңғы шық пен Таңғы нұрға.
Өмірге ризамын осы Күнге,
Аман-есен жеткізген Тағдырыма!!!
Тәңірім не жазғанын көремін де,
Ел-жұртым өзі алады керегін де.
Қазақтың жүрегі бар дүрсіл қаққан,
Әрбір жол, әрбір шумақ Өлеңімде!
Бұл өлең кездесіпті он үшімде,
Менімен мәңгі сырды бөлісуге.
Өлеңіме жазылар Шөмішбай деп,
Атым бар қарапайым Ел ішінде!
Жыр досым алдыма әкеп жайды бәрін,
Білемін куаныш пен қайғы барын.
Өлеңімді мәңгілік досым етіп,
Сол достан өмір бақи айнымадым.
Көрдім бе, мен білмеймін, көрерімді,
Бердім бе, мен білмеймін, берерімді.
Алпыстағы бала боп алдарында,
Тағы оқып,
тұрмын міне, Өлеңімді!





Пікір жазу