08.09.2023
  73


Автор: Шөмішбай Сариев

Алла атымен...

Ойға оралып небір сыр
Тай-құлындай дүбірлес,
Алла атымен өмір сүр,
Алла атымен ғұмыр кеш.
Арт жүгіңді иыққа,
Тірелгенде тұйыққа.
Алла атымен оянып,
Алла атымен ұйықта.
Көгілдір көк жиегім,
Басымды мен иемін.
Аллам берген махаббат,
Сол сезіммен сүйемін.
Бақыт болу мүмкін бе,
Жеткізген бізді бұл күнге.
Алла атымен халқым де,
Алла атымен ұлтым де!
Өміріңді оң біліп,
Бір Тәңірің – соңғы үміт.
Алла атымен сапар кеш,
Алла атымен жол жүріп.
Жомарт жерді ұйық де,
Адам бекер сүйіп пе.
Алла атымен тауға шық,
Алла атымен биікте.
Жаны жайсаң жайраңдар,
Жаса жастық сайран сал.
Алла атымен ұлт үшін,
Алла атымен майдан сал.
Пенделікті қоя ал сен,
Дүниеге тоя ал сен.
Алла атымен ұйықтап,
Алла атымен оян сен!





Пікір жазу