08.09.2023
  98


Автор: Шөмішбай Сариев

Бердің тағдыр бастан қандай

Бердің тағдыр бастан қандай,
О, Құдірет асқан Аллай!
Өзіме-өзім бастық болдым,
Өзімді-өзім басқара алмай.
Бағыменен бір Алланың,
Заңыменен бір Алланың.
Өзім-өзім завод болдым,
Қағаз-қалам құралдарым.
Халқым үшін керек еді,
Бұл бір завод бөлек еді.
Шикізатым ойлар болды,
Өнімдерім – өлең еді.
Талай ойлар тербеп өтті,
Кейбір ойлар желге кетті.
Ең бір таза қазынам боп,
Өлең – өнім елге жетті.
Айтар ойы, ақылы көп,
Жыр-өлеңнің жақыны көп.
Сол заводты мен басқардым,
Бұл қазақтың ақыны боп.
Жаратқан ғой бастан Аллай,
Кездерім көп сасқан Аллай.
Жалғыз ғана қызметкер,
Өзімді-өзім басқара алмай.
Алатауды жастана алған,
Тәуелсіз Ел. Асқар арман.
Елбасына мың-мың алғыс,
Туған халқын басқара алған.





Пікір жазу