06.09.2023
  87


Автор: Шөмішбай Сариев

Әр қадамды өлшеп басар кез келді

Әр қадамды өлшеп басар кез келді,
Естір құлақ, жүрер аяқ, көз берді.
Дүниеге келді өзгеше бір заман,
Елу жылда, өмір жаңа өзгерді.
Әр қадамды өлшеп басар кез жетті,
Тұлпар уақыт! Жүйрік ғұмыр тездетті,
Мәңгі қалып жадымызда өткенім,
Бүгініме, Ертеңіме көз жетті!
Жүрегіңмен лаулап оттай жандың ба,
Шуағына шомылдың ба таңның да,
Ұлты жұмбақ дүниеде құпия,
Әр қадамның сұрауы бар алдыңда.
Қуаныш – дос, қайғы сенен үркіді,
Жастық шақтың бір қаралық – бір күні.
Бала шақта құлағаның қызық та,
Кексе кезде құлағаның күлкілі.
Білмеуші едік балалықпен бұрын да,
Алға тартып, жастық шағым бұрылма,
Енді бізге сүрінуге болмайды,
Әр қадамды өлшеп басар ғұмырда!
Елу жылда, өмір деген өзгерді,
Естір құлақ, жүрер аяқ, көз берді.
Ғұмырым бар бостандық,
Әр қадамды өлшеп басар кез келді.
Әр қадамды өмірім деп санаймын,
Жүрегімде қуанышпен талай мұң,
Сүрінбес деп, күмәнданам күдікпен
Алға басқан аяғыма қараймын...





Пікір жазу