06.09.2023
  111


Автор: Шөмішбай Сариев

Қара тал

Жайылып жантағына нар атандар,
Жұдырық боп түйіліп алақандар,
Осынау біздер туған қара жерге,
Қасқиып қарсы өскен қара талдар!
Жандары – бірі жаздай, бірі – көктем,
Тұлпардай ғасырлардан дүбір жеткен,
Тамырын терең тартып қара талдар,
Біз өскен туған жерді тұғырлы еткен.
Жау қашқан саясына жау бекінбей,
Жер үсті, жер асты бар дәулетіндей.
Жайқалтып жапырағын қара талдар,
Тараған әр сабағы әулетіндей.
Ағысқа қарсы жүзер сазанындай,
Болса да тауқыметі – азабындай,
Қасқиып қарсы өскен қара талдар,
Қара нар, қара сарбаз – қазағымдай.
Асаудай құлыншағы төс тебіскен,
Ақыл-ой қазынасы көште піскен.
Қазақты елестетер қара талдар,
Қара тал – көрсем – қазақ
еске түскен.
Тікенек, жантақты да жаратады,
Шөлдердің қайыспайды нар-атаны,
Тереңнен тарта білген судың нәрін,
Аман-сау болсын елдің Қараталы!





Пікір жазу