06.09.2023
  104


Автор: Шөмішбай Сариев

Күйші

Күй болып толқып келем бе,
Сыймайтын күй бар өлеңге.
Секеннің көңіл толқыны,
Тартады теңіз тереңге.
Еріп бір салып, мұзды көл,
Сағыныш жүрек үздігер.
Секеннің күйі аққудай,
Ақ айдын көлге жүздірер!
Секен бұл күйші аты бар,
Тұз-дәмін күйдің татырар.
Көктегі жүзген ақ бұлттай,
Кеудеңді ойға батырар.
Күйшінің нәзік күш қолы,
Түсіңде көрсең түс жоры.
Жұлдызды күні Секеннің,
Көктегі жұмбақ құс жолы.
Сезімнен жаным дір еткен,
Кеудеңді бақша түлеткен.
Сыр ашып бізге қос ішек,
Сырласар жалғыз жүрекпен.
Күйімен Секен жырлайды,
Бір қуаныш, бір қайғы.
Алатау тауы тік тұрып,
Қаратау мүлгіп тыңдайды.
Бұлақтай аққан жылғамен,
Секеннің күйін тыңдап ем.
Сағынышым оянып,
Ойға да батты мұңды әлем.
Мұңы да тылсым түн екен,
Сазы да нәзік гүл екен.
Дүниенің құпия
Бір жұмбағы күн екен.
Таң атқанша ұйқың қап,
Күллі әлем бүгін күй тыңдап,
Ұлы Абай айтқан жан екен
Секен де сондай бір жұмбақ!





Пікір жазу