Шөмішбай Сариев
Патша мен ақын болған
әрдайымда,
Сол жайлы мен өзімше
толғайын да.
Бір патшаның
көріпкел
ақыны боп,
Жырлаған
өмір бақи
хан жайында.
Ханға кеңес береді
көз жеткенше,
Ханды мақтап кетеді
сөз жеткенше.
Айтады алдын-ала
патшасына
Қанша қауіп-қатерлер
тездеп келсе.
Елінің ел боларлық
бір қамы үшін,
Ал, ақын аялайды жыр
намысын.
Патшаның жау қоршаған
айналасын,
Сол баяғы өмірлік
бір тақ үшін.
Бәрі де
жанындағы
көз салады,
Бір-бірін
құртатындай
сөз салады.
Бәрін аңдап
ал патша өлшеп пішпей,
Патшаға
ажал
деген кез болады.
Соны ойлап
патша толғап
түн қатады,
Ал, ақын
патша жайлы
тіл қатады.
Дос болған
бір өзінің патшасының
Өмірлік
өлеңдерін
тыңдатады.
Келе жатқан қауіпке
дүлейленіп,
Ақын ғой, ақын жүрек
бір ой беріп,
Айтады патшасына
қауіпті де,
Ал, соған патша кейде
үрейленіп.
Ақынға күткен осы
ақыр жетті,
Мен басын алайыншы
пақыр депті,
Бір күні патша
қату
түсіменен,
Көріпкел
сол ақынды
шақыр депті.
Ол өлең жазғанменен
тасынар деп,
Осы ақынның көзінің
жасы бар деп,
Айтыпты: – Мен қолымды
көтергенде,
Бас уәзір
сен қылышпен
басын ал, – деп.
Белгілі еді осы – жай
болатыны,
Бір күні ой қамауы
толатыны,
Ақынды патша солай
алдыртыпты,
Тұрды алдында,
көріпкел,
сол ақыны.
Жаралған ақындар ғой
күресуге,
Жүректің елі-халқы
үлесінде.
Патша айтты көріпкелге
шыныменен:
«Сен осы
бәрін болжап
білесің бе?»
Тілеп барлап өміріне тойдан да асқан,
Бұл сауал сұрақ болды қойған бастан.
Патшаның сауалына
күдікпенен
–Білем, – деді бұл ақын
ойланбастан.
Болса да тағдыры азап,
қайғылы көп,
Айтасың мен патшамыз
айбыным деп.
– Білсең, – деді бұл патша, –
ал өзіңнің,
Ажалыңның
білдің бе, –
қай күні! – деп.
Көзінен бір-бір ұшты
есіл арман,
Басынан бара жатты көшіп арман.
– Білем, – деді
ал ақын ойын
біліп,
Осынау патшасының
досы болған.
Бір тәңір берем десе
бөлмес
мүлде,
Ажалын құдай созған көрмес
кім де,
– Мен осы,
білетінім
мен өлгенде,
Сен, патша!
Өлесің сен
он бес күнде!
Екеуі бірге жасап, баққа
жетті,
Ақын да өз патшасын
ақтап өтті,
Патша содан
шошынып
сол бір күннен,
Ақынын мәңгі бақи
сақтап өтті.