Елбасы сыйлаған барыс
(поэма-толғау)
Дүние, бізде ұшқан бір құсың ек,
Кеудемде құлын ойлар жүр кісінеп,
Токио шаһарының құшағында,
Жүрмін мен өмірімде тұңғыш рет.
Жер деген дүниенің жалғасы – көк,
Әлемнің жолдары шың, арнасы көп,
Осынау өмірімде өң мен түстей,
Көргенім жапон елін алғаш рет!
Алдымнан кең көсілген жолды көрем,
Кеудеме маза бермей сол бір өлең.
Сол жапон, сол Токио ортасында,
Тәуелсіз қазақ туы желбіреген.
Бақыт боп, таң боп атып, енші Күні,
Бұл да бір дүниенің кеңшілігі,
Көтерген сол бір Туды бір шаңырақ,
Ол болса, Қазақстан Елшілігі.
Осылай Қазақ Туы төрге орнасын,
Елші ұстап отыр Елім – Ел болғасын.
Елшілік шаңыраққа төрлеп ендік,
Қазақтың бір ақыны – Мен болғасын.
Арудай аққулардың көл анасы,
Адамның сапарының – жол анасы.
Қарсы алды алдымыздан Болат мырза,
Елшілік шаңырақтың төрағасы.
Қоймайды бал шырыннан ішпесіме,
Білмедім қоймадық па түспесіне,
Әңгіме өрбіп жатқан Ел жайында,
Елшінің біроқиға түсті есіне!
Оралды өмір жайлы нұрлы шақтар,
Елшінің жанарында бір шуақ бар.
– Берейін бір тақырып жыр жазуға,
Жыр аты болса деймін:
«Шыңғыс – Акбар».
Қуантпай қоймас бізді дос табысы,
Елдікке – Елбасының қосқан ісі,
Жапонды жақындатқан Шыңғыс-Акбар.
Ол біздің Еліміздің қос барысы!..
Өмірдің көп берері, көп алары,
Есте қалмас іздері жоғалады.
Жайқалар сыйлаймын деп жырға дәнді,
Жалғады Елші сөзін одан әрі:
– Тілеймін талай-талай жолды асыңыз,
Өмірде асқар асу белді асыңыз,
Көзіңмен көріп қайтсаң болар еді,
Шыңғысты сыйға тартқан – Елбасымыз!..
II
Таңқалып Токионың көркеміне,
Айналды сапарымыз ертегіге.
Шыңғыстай барысты іздеп, жолға шықтық,
Елшінің тұлпарымен ертеңіне.
Алдымнан күтеді әр кез жол алтыным,
Өтіпті таңырқаумен сол алты Күн,
Жанымда жанжарым мен Шолпан қызым,
Тұлпардың ноқтасында – Жомарт інім.
Не керек бұл қазақтың баласына,
Келеміз әзіл қосып арасына,
Келеміз жүйткіп ағып жол үстінде,
Жапонның Тама деген қаласына.
Мұрсат жоқ жүйрік Уақыт біз десуге,
Көкте – бұлт, соңымыздан із көшуде,
Келеміз хайуанаттар паркін іздеп.
Барыспен Шыңғыс атты жүздесуге.
Парк деп білдік мынау биік тасын,
Қалайша ақын жаны сый ұқпасын.
Қарсы алды жапондықтар алдымыздан,
Бәрі де ізетпенен иіп басын.
Жапондар ізетті екен гүл бағымен,
Өмірге ізетті екен іңкәрімен,
Шыңғыстың шаңырағына келіп жеттік,
Хайуанаттар паркіне «тұлпарымен».
Қазағым бұл бір жерге келсе қандай,
Барысты «Шыңғыс» деген көрсе қандай,
Қоршаған биік жартас темір тормен,
Жері аз жапон үшін кең сарайдай.
Жапондар алдымыздан құрақ ұшып...
Ойлармен мұңға батып сұрақ құшып,
Жартастың биігінде жатыр Шыңғыс,
Аяғын созып алға сұлап түсіп.
Қызым да сағынар деп жолды аяды,
Барыс қой, барыс мінез сол баяғы.
Іздеген Шыңғыс осы дегендейін,
Жапондық жігіт бізге қол жаяды.
Жатқандай темір торда әрең көніп,
Барыстың бейнесінен өлем көріп,
«Шыңғыс!», «Шыңғыс!» біз келдік
Алатаудан, Алатаудан,
О, Шыңғыс, Сәлем! – дедік.
Сағынған Алатауын – мұң білетін,
Жандай бір Қазақ үнін, тіл білетін,
Сол сөзді түсінгендей Шыңғыс басын,
Көтеріп жанарымен бұрды бетін.
Толғанып тебіренер толқын ақын,
Қуанды бұл бір сәтті көрді де ақын.
Тәкаппар мінезімен жайлап басып,
Бұл Шыңғыс жанымызға келді жақын.
«Шыңғыс!» деп шықты ма әлде, үн бір өзге,
Қызық жай болды-ау деймін бұл бір өзге.
Жапондық жігіттер де таңырқады,
Қазағын танығандай бұл мінезге!..
Сөйлеп ем мен өзімше сөз де адасты,
Мен мәңгі ұмыта алман көз қарасты.
Аяғын санап басып Шыңғыс барыс,
Келді де дәл жаныма көз қадасты.
Аң жайлы – жыр жазғаным тұңғыш қадам,
Кеудемді тебірентті бір күш ғалам,
Жанарынан сағыныш мұңды көрдім,
Адамдай елестеді Шыңғыс маған.
Жұмбақ бір дүниенің тылсым алды
Кәдімгі қаһарлы емес сыңсып алды.
Білмеймін сағынды ма Алатауды,
Дауысымен жалынышты үн шығарды.
Бәлкім, ол маған үнмен сөз арнады,
Шыңғыстың ішінде ғой өз арманы,
Білмеймін сағынды ма бес баласын,
Мұң тұнған жанарымен көз алмады.
Жыртқыш аң болса дағы жұмсақ жаны,
Бұл Шыңғыс дер шағында күш сақтады.
Сағынып жатыр ма әлде үш «әйелін»,
Үш қалада тұратын үш жақтағы.
Жан-жаққа жолды тартқан түрлі ізі бар,
Бес бірдей бұл барыстың жұлдызы бар.
Шыңғыстың «тоқалы» бар – Маю деген,
Ал, содан екі бірдей ұл-қызы бар.
Шырқалған айдалада құстар ені,
Бұл барыс қартайса да құштар әлі
Алғашқы «бәйбішесі» – Юки деген,
Ал, содан көрді Шыңғыс үш баланы!
Өмірде жалғыз қалсаң болар тозақ,
Бәрін де айта берсек аңыз ғажап.
Үшінші «әйелі» бар – Шилли деген,
Бұл Шыңғыс айтар болсақ –
нағыз Қазақ!
Тағдыр ғой кестеленіп тұнған өрнек,
Келеді алға тартып жылдар өрлеп.
Үшінші «әйелінен» туса бала,
Жапондар біздің елге сыйға бермек.
Бәрі де айта берсек жыр, қарашы,
Туса егер Шилли болар – бұл да анасы.
Еліне «оралман» боп оралмақшы,
Аман боп Құдай жазса, бір баласы.
Жай сөз ғой сағынышы жайлы деген,
Көре алмай бәрін енді қайғы шемен,
Бірі – Ени, Екіншісі – Спика атты,
Екі «қыз» бар,
Юкидей «бәйбішеден».
Құпия бір сыры бар саз әнімнің,
Бәрін көру өмірде ғажабымның,
Енифтей «қызы» кетті Лонданға,
Ұзатылған қызындай қазағымның.
Маңдайға бақыт құсы қонсын орап,
Болғасын Шығыс жақтан көрші қонақ,
Қолқалап Жапондардың сұрауымен,
Ақбардың атын қойған Елші Болат!
Ілімнің тарих болар, хатыменен,
Негізі – алатаулық затыменен,
Екінші «қыздың» атын Сириус деген
Қойыпты бір жұлдыздың атыменен.
Кетпепті Алатаулық жат қалаға,
Балаға бұдан артық бақ бола ма,
Ал, қазір Ақбар болса Хакай деген,
Аралдың астанасы – Саффорада!
Қарады Шыңғыс тағы жанарымен,
Тау менен сағына ма даланы кең.
«Елуге» келген екен салыстырып,
Адамның есептесе парағымен.
Кеудеге туған ел деп гүл бітеді,
Ойласа туған жерді тіл бітеді.
Әлі де Шыңғыс барыс дер шағында
Үшінші «әйелінен» ұл күтеді.
Биікке шықты шапшаң ойнап атып
Токиода таң ерте бойлап атып...
Сол «ұлды» сыйласам деп отыр бүгін,
Шыңғысы – Алатаудың ойға батып.
Оятты Тәуелсіздік ғасыр елді
Көтеріп барыс тұрды басын енді.
Шыңғысты аядым ба ақындықпен,
Көзімнің, кәдімгідей, жасы келді.
Тапжылмай маған қарап тұрып алды,
Көз жасын, бәлкім, ол да сығып алды.
Сәлемін Шыңғыс елге жолдағандай,
Тағы да ауыз керіп ыңыранды.
Не деген о, табиғат, үйлесім ең,
Күйшідей шығармайтын күйді есінен.
Түсірді бәрін жазып камераға,
Шыңғыстың тәкаппар сол бейнесімен.
Күй толы тіршіліктің пернесі әлем,
Жарқырап табиғатпен сөнбес әлем.
Қия алмай біз қоштастық
Шыңғыспенен. Ол да тұр,
Жолдағандай Елге сәлем!
Көріп жатыр аман-сау Ел жемісін,
Құдіретті табиғат өлшемісің,
Қош бол, Шыңғыс!
Сен дағы туған жердің,
Аяулы ажырамас бөлшегісің.
Қазақтың кең даласы – Жерге сыйла,
Ақиық Алатауың – төрге сыйла!..
Қош бол, Шыңғыс!
Сен дағы бір балаңды,
Өзің туған осынау Елге сыйла!..