05.09.2023
  45


Автор: Шөмішбай Сариев

Әйелім деп сүйесің

Әйелім деп сүйесің,
Тапқандай ол да иесін.
Әйелге басты игендей,
Бұлаққа басты иесің.
Күндерді өткен санайсың,
Бақытқа бәрін балайсың.
Ренжітсе әйелің,
Өкпелеп көкке қарайсың.
Әйелдің орны бір бөлек,
Сөйлесе қалса тілге кеп.
Жатады кейде еркектер,
Бүркіттей оны бүрмелеп.
Өкініп бірақ жер теппе,
Бұл өмір аңыз-ертек пе,
Еркекке бақыт – әйел ме,
Әйелге бақыт – еркек пе?!
Үнсіз ұғар тіл болу,
Бір ұшып, көкке бір қону.
Әйел мен еркек бақыты,
Өмірде мәңгі бір болу...
Алдан күтіп тұрады,
Тірлік заңы, ұраны.
Өмір жылжып өмірмен
Бір салтанат құрады.
Сүйініп-жанып күйеді,
Өртеніп, өрт боп сүйеді.
Айналып келіп махаббат,
Достыққа басын иеді.


 





Пікір жазу