Жұлдыздардай зымырап жиі ақты жыл
Жұлдыздардай зымырап жиі ақты жыл,
Әйелдің бәрі бірдей ұятты гүл.
Әйелдердің көргенін еркек көрсе,
Өмірден баз кешетін сияқты бір.
Әйелдерді мәңгілік сүйіп келем,
Сырласатын ойпатпен, биікпенен.
Әйелдердің өмірі ауыр өмір,
Бәрін де көтереді иықпенен.
Әйелге қиындықтың бәрі батар,
Тірліктің қуанышы, зары жатар.
Осынау әйелдердің еркектен де
Жүрегі әрі нәзік, әрі қатал.
Еркек деп ақ мамықтай жаяр жанын,
Саралап жатыр дейсің қай ел бәрін.
Еркекті күшті ететін әйел жолдас,
Еркекті аздырған да әйел ханым.
Кейде біз дұрыс жолды тандамаймыз,
Жолдарды тауып кейде жалғамаймыз.
Әйелдерді біз еркек билесек те,
Билеп бізді жүргенін аңдамаймыз.
Бір әуен ұялайды санаңда үндес,
Әйелсіз алға тартып қадам жүрмес,
Осынау әйелдердің еркектен де,
Бір ғажап сиқыры бар адам білмес.
Біз еркек бәрін бір күн бағалармыз,
Әлемді шарлап кезіп аралармыз.
Қанша еркек болсақ тағы ұлы-күшті,
Әйелдерден жаралған балалармыз!..