05.09.2023
  96


Автор: Шөмішбай Сариев

Жұмбақ әлем

Шөл басқаннан
Шығар биік төрге хан.
Шөлдеп тұрып
Ие болар елге хан.
Шөл дала бұл,
Жұмбақ әлем, жұмбақ сыр,
Шөл дала бұл,
Құпиялы кең жаһан!
Жұмбағы мол,
Құм жамбасқа жасырған.
Мұңдары мол
Ашынудай ашынған
Теңіз дала,
Дауылдан соң басылған.
Дала шөлге бас ұрған
Шөл даланы басынған,
Келе жатқан қайғы бұл,
Келе жатқан ғасырдан.
Шөл даланың
Құпиясын көк білер,
Іштей тұнып,
Үнсіздікпен өтті дер,
Шөл далада
Өткен талай тектілер.
Шөл даламның
Құпиясын көк білер!
Құм емес бұл,
Құм дегенің сиқыр бақ.
Азынаған
Желден әсем күй тыңдап.
Шөл даланың
Көңілі де құпия
Шөл даланың
Өмірі де бір жұмбақ.
Сағынышпен
Сапар кешіп жылда бір,
Шөл даланы
Ұғам десең құмды жүр.
Намаз оқып,
Отыр, әне, ақсақал
Алдында оның –
Құм үйірген бір қабір!..





Пікір жазу