04.09.2023
93
Саяжайдағы түн
Жайнатып жұлдыздарын сылқым аспан,
Ғажайып қара түнім кірпік ашқан.
Тас төбемнен қарайды нұрлы көздер,
Бір үйдің баласындай шұрқырасқан!
Жұлдыздар жұлдыз емес, сан үміт бұл,
Қарайды жұмыр жерге сағынып кіл.
Зергер түннің қолынан қара мақпал
Алма бақ масатыға малынып тұр!
Кербез ай қасын керіп кең маңдайлы,
Паңдана қарап қойып көзді арбайды.
Сәл ғана самал демнің дірілінен,
Үзілген алма-арулар жерге аунайды.
Бір-бірін ала кетіп үзген де бар,
Үзілмеске табылар бізден не амал?
Ұрғылап үй төбесін әрбір алма,
Өмірге жеткізіп тұр күзден хабар!