04.09.2023
  95


Автор: Шөмішбай Сариев

Көңілің үстем патшадай

Кей адамның көңілі
Таудан бұлақ аққандай.
Кей адамның көңілі
Шыңыраудан қауғамен
Бір ұрттам су тартқандай.
Кей адамның көңілі —
Жазғы жайма күн шуақ,
Кей адамның көңілі —
Қарала бір көлеңке,
Күдігі көп мың сұрақ.
Кей адамның көңілі —
Шалқар теңіз шалқыған.
Кей адамның көңілі —
Құрбақалы тұйық су,
Шалшығыңда малтыған.
Кей адамның көңілін,
Қонған бастан мырза етіп,
Кей адамның көңілін
Торлап алған сарандық
Ақырына жүр жетіп.
Көңіл — дария арналы,
Өз ағысын байлама,
Толқындары таласып,
Болмысыңмен жарасып,
Бірдей ақсын қайда да!


 





Пікір жазу