04.09.2023
84
Бір бала
Бір бала көрінеді «Қамбаш» көлден,
Аққуды осы айдында алғаш көрген.
Күн қаққан дидарында қарамықтай,
Туғалы туа біткен жолдас меңмен.
Бір бала көрінеді Мақпал тұстан,
Жүгірсе озатындай аққан құстан.
Асығып астанасы — ауыл жаққа,
Құлдырап кұлыншақтай шапқанда ұшқан.
Бір бала көрінеді Арал жақтан,
Киіктің төлі сынды даламда аққан.
Толқында туғасын ба теңіздің де
Тағдыры сол баланың алаңдатқан.
Бәрі де бір ауылдың теңіз, көлі,
Шалқыған айдынымен егіз көгі.
Сол бала көрінетін жағалауда,
Уақыт толқын шайған... жоқ іздері.
Мұңдылау жанарында тұнатын нұр,
Арманы деп білетін мұратын — жыр.
Сол баланың балалық қуатымен
Астана құшағында бір ақын жүр...