04.09.2023
  66


Автор: Шөмішбай Сариев

Жолаушы

Жолаушы жолда келеді,
Жеткізбей алда жол ұзақ.
Жорғадай аты желеді,
Қос өкпесін қолына ап.
Бір асу асса, бір биік,
Тағы да алдан шығады.
Батырып ойлар тұңғиық,
Жолаушы іштен тынады.
Қарсы алдында — қарақұм,
Толқындай көкке өрлеген.
Қорқыныш жайып қанатын,
Тамағы құрғап шөлменен.
Қазбақшы құмнан құдықты,
Кәусарды тартып тереңнен...
...Құдықшының қызықты
Тағдырын тартып келем мен.
Айызың ішсең қанатын,
Құдық суы, білсең — бал.
Қарсы алдымда — қарақұм,
Кеудемде менің бір шөл бар!


 





Пікір жазу