04.09.2023
79
Керуен сарай
Кейде ағат, кейде барлап байқағым кеп,
Кейде артық, кейде кемдеу айтамын деп.
Адаммен ара қатынас жолдарымды
Жүремін бұзып алып, қайта жөндеп.
Қиямет қайым керуен жолдарымның,
Көшінде, алға тартқан арманымның.
Жүктері ауып қалып жүреді әр кез,
Өркеші айыр атан, нарларымның.
Өрілген қамшы жолдар өрге тартып,
Кең далам, қайда жүрсем, төрден де артық.
Жүктерім ауып қалса, аялдап сәл,|
Келемін жол-жөнекей теңдеп артып.
Дос-дұшпан қиянатын кешірген ем,
«Ғұмырым босқа өтіпті-ау есіл» — демен.
Жүктері әр кез ауып, жөнделетін
Қызықпын керуенсарай, көшімменен.
Не шығар ботадайын боздағанда,
Өкінбен жұрттан ылғи озбағанға.
Әлемге жете алмасам арманым жоқ,
Көп болса, қалар көшім өз Даламда!