04.09.2023
  43


Автор: Шөмішбай Сариев

Соңғы күн

Бір ойлар тұңғиыққа батырды кеп,
Қия алмай отыр қазір ақын жүрек.
Бір айдың соңғы күні тұр алдымда,
Түн ауа қоштасады ақырғы рет!
Жүрегін жүз тұтатып, жүз жандырған,
Қуантқан,
қызықтырған,
қызғандырған,
Кеудесін нұрға бөлеп осы бір ай,
Өмірде өшпестей бір із қалдырған.
Осы бір ай өзгеше болды жырлы,
Ғажайып ғұмыр кешіп жолды жүрді.
Айдың қалай өткенін сезбесе де,
Қия алмай жүрегі отыр соңғы күнді.
Жүргенін отыр ойлап жолды кіммен?
Сырласты, сыр ақтарды болды кіммен?
Адамның қия алмайтын қош бол Айы,
Сен өтіп бара жатсың соңғы күнмен!





Пікір жазу