Ақ боз үй
Қалсам да қалада осы бағым жанып,
Жүргем жоқ базбіреудей жанын бағып.
Қиналсам жүреді ылғи түсіме еніп,
Ауылда ақ боз үйім сағымданын.
Қарамай әке-шеше салтына да,
Жөнелді жолдарымен тартып алға.
Ақ боз үй алты қанат шаңырақтан,
Асығып армандарға алты бала!
Шаһардың үйренісіп салтына да,
Айналды қала деген халқына да.
Ақ боз үй қазір біздің алты үй болды,
Алтауының мекені — алты қала.
Бірін көрмей тұра алмас алтын ана,
Әр қаланы ойлайды әр күн ана.
Түс көріп жататындай ақ боз үйім,
Ақ боз үйден тараған алты қала!
Бір баладан барып жүр — бір балаға,
Бір қаладан барып жүр бір қалаға.
Амандығын тілейді әрбір үйдің,
Жүрегі сағынышқа тұнған ана.
Білінбей күндер-күндер жылжып өтті,
Ананы сағынышпен жыл жүдетті.
Ақ боз үйден тараған алты бала,
Жан-жаққа тартып жатыр бір жүректі.