01.09.2023
  120


Автор: Шөмішбай Сариев

Алатау

Жел қармап талдың шашын жұлып қашқан,
Күлкісін табан асты ұмытты аспан.
Халқы үшін ойға шомған кемеңгердей,
Ақ басын Алатаудың бұлт басқан.
Түнерткен терең ой ма, сұсты қатты,
Күркіреп көк аспанды құшты қатты.
Алатау жанарында жасын ойнап,
Кенеттен ғашық сезім ұшқын атты.
Ұшқынсыз жалын оты өшер ме еді,
Қалқыған калың бұлттың көші өрледі.
Күркіреп күңіреніп алды дағы,
Армансыз ағыл-тегіл нөсерледі.
Кем-кемнен бұлт сейіліп тұна берді,
Сол сәтте ару сынды қына белді.
Сәулелі Алатаудың сүйеп басын,
Сұлу күн сылаң қағып шыға келді.
Күніне көз қиығын тастап күліп,
Шыңдары шағылысып қас қақтырып.
Зер салды дүниеге жанарымен,
Тәкаппар заңғар тауым асқақ тұрып.
Ашайын аппақ шыңды — қартқа сырды,
Балам деп айтпас тауға тартпас ұлды.
Тағдырдың сан дауылы соқса-дағы,
Алатау!
Еңкейтпеспіз ақ басыңды!





Пікір жазу