01.09.2023
  72


Автор: Шөмішбай Сариев

Сахара суреті

Сахаралы сары бел сыр аңдатты,
Сексеуілге оранып жылан жатты.
Сескеніп суық көзден орғып құмда,
Құйрығын қызыл түлкі бұлаңдатты.
Бұлаңдап тірлік іштей сыр алысты,
Ор қоян түлкі алдында құрақ құшты.
Алдына киік салып шапты қасқыр,
Қасқырды алға салып қыран ұшты.
Қапысыз қағып түсер қас-қағымда,
Жер-көктің қуғанын да,қашқанын да.
Қыран бұл бүкіл көкті иемденіп,
Орнатқан патшалығын аспанында.
Дір етіп, дүр сілкінді тұнық аспан,
Көкжалы бар, көздерін ұлып ашқан.
Бірін-бірі аңдыған, бірі сасқан,
Бірі қуған, тірлік бұл, бірі қашқан.
Сондайды көріп-өлшеп көз қанғанда,
Қазақта айтылмаған сөз қалған ба?
Шынында дүниеге қарап тұрсаң:
Қашқан да алда, өмірде, озған да алда!





Пікір жазу