01.09.2023
  69


Автор: Шөмішбай Сариев

Теңіз толғауы

Арал теңізінің жойылуы.. мейлінше өмірлік маңызы бар мәселелерге заңды кері ықпал еткен болар еді, ал біздің бұған жол беруімізге хақымыз жоқ.
Д. А. Қонаев

Арал теңізінің үстіне келгенде парашютіміз ашылады. Космостан қайта оралу сапарында ең әуелі көзімізге оттай басылатыны Арал теңізі — бейне бір ұлы Жер Анамыздың жанарындай ыстық...
Космонавтар әңгімесінен

Толқынды — жағалауы құмды Аралдың,
Тағдыры — кермек ащы сырлы Аралдың,
Толқынды, тағдырында туып-өскем,
Шуылын бала кезден тыңдағанмын.
Жанарын сәбилері жылап ашқан,
Жартасын зарға тұнған қына басқан.
Шарқ ұрып шағаласы шуласа да,
Бір кездер болмапты оны құлақ асқан?
Иіні көтерілген іңірден мұң,
Бұлтымен көлегейлеп түңілген Күн,
Зер салып тағдырының толқынына,
Тұңғиық тереңіне үңілген кім?
Еңсесін ел көтеріп ала алмастан,
Ғасырдың қайғылары сан алмасқан.
Тірліктің шел қаптаған торлап бұлты,
Кеудесін қасіретті шалаң басқан.
Құралған көз жасынан жылағанның,
Қан мен Тер теңізіндей ұлы Аралдың.
Қай күні, қай жылдарда, қай ғасырда
Қайғысып, қасіретін сұраған кім?
Шындығым шықса төрге назаланба?
Өмірі — қалған қарттай аз-ақ алда,
Мүжілген жартастары жел сияқты,
Кеудеңді кеулеп берер қажағанда.
Тұрғанда құрсаулы мұз қайғы батып,
ІІІуақты шапағатын жайды бақыт.
Толқынды жанарынан жасын ойнап,
Қасірет жүрегіне жай құлатып.
Дүние қайта туып құлпырғандай,
Толқыны болашаққа ұмтылғандай,
Ғасырдың қақ айырып торын бұзды,
Теңіздің сар сазаны бұлқынғандай.
Жасарып жасыл әлем жайнағандай,
Жылымы балықшының майлағандай,
Самауырын екі иығынан демін алып,
Қалпағы көтеріліп қайнағандай.
Күн теңдік таңы болып белең атты,
Қарсы алып бақыты мол делегатты,
Қайғының қайықтары төңкеріліп,
Қуаныш кемелері келе жатты.
Өзіне өзі келіп құсалы жан,
Көрінді ақ жалданып құшағынан,
Еңістен еңселеніп көтерді бас;
Ереуіл толқындары ұшанынан.
Ереуіл толқын өрлеп алабыма,
Теңіздей тасып жатты дала мына,
Қармаққа кесірленіп ұмтылғандай,
Азулы арпалысқан алабұға.
Ескекті есе білген күш білегі,
Дауылдан лықсып соқты күшті легі,
Өмірдің толқынында жанталасты,
Теңіздің тісін қайрап тістілеңі.
Тірлік бұл ұлы шулы базарлардай,
Күн туса қоя ма елім ажарланбай.
Теңізде көкке атылған сенім шалқып,
Сағыныш сары алтынды сазандардай.
Толқынның тебіреніп мақпал үні,
Даланың теңіз атты жатты алыбы.
Жонында кішігірім сәуле ойнады,
Күнменен шағылысып ақ балығы.
Тағатын тәуекел ер айырғандай,
Жылымын бір оралтып қайырғандай.
Қолынан сусып түсер шабақ күнді,
Уақыт жұтып жатты жайындардай.
Таң нұрын сүйді елім еміреніп,
Өзгеше сымбатына өмір еніп,
Толқындар бостандықтың тартты күйін,
Теңізім, теңіз күйшім тебіреніп.
Арқалы асау толқын аласұрды,
Еркіндік дауылымен бағы ашылды,
Төгілді табиғаттың мейірімі әсем,
Ақ тілеу айтқан іштей Ана сынды.
Тереңге тартып жатты иірімдері,
Күмбірлеп кернеп алды күй күндері,
Жолдарда талай-талай шықты самсап,
Тағдырдың, тіршіліктің қилы үндері.
Көкейде қилы сауал қоздағанда,
Мазалап мазасыз ой маздағанда.
Ұлылық маңдайына қолын сүйеп,
Бір көсем ұлы хатын жазды Аралға.
Сынайтын кезең туды елім ерді,
Хатты оқып халқым менің тебіренді,
Асаудай көкке атылған теңізімнің,
Өзгеше толқын атты өмірі енді.
Қуаныш алмастырып қасіретін,
Бақытқа дәуір туды бас иетін,
Тарихын туған елдің қайта оралтты,
Ғабаңның қаламының қасиеті.
Тарихи дастан толғау жыр Аралым,
Толқытып ұшан айдың ұлы алабын,
Теңіздің толқындарын тоқып есті,
«Қан мен Тер» тамшылаған романын!
Теңіздің толқынының бейнелерін,
Толғаған тебіреніп «күймен» елін!
Сезінер келер ұрпақ қарт Аралдың
«Ымыртын», «Сергелдеңін», «Күйрегенін»!
Қан мен тер бақытына жеткізгенін,
Өткізіп ұлы көштің көп тізбегін,
Халқыммен қанаттанған ғасыр жазған,
Ақ шағыл құмдарына отты іздерін!
Иірімдей ішке тартып жатсын ағын,
Баянды бақыт іздеп бақ сынарын,
Қазағым иеленіп жатыр бүгін,
Толқында туып-өскен жақсыларын.
Әр елге Әбдіжәмілі төрлеп енді,
Әлемге аты шарлап кең көлемді!
Толқынның алақаны көтеріп ап,
Зейнолла ақын ұлын елге берді.
Қазанғап күйі сынды толғады ақын,
Өмірдің өлең етіп оң қанатын,
Аралға еркелейтін Сырдария,
Ізінде — жыры толқып жол қалатын.
Жолында қалдырмайтын ар-ұятын,
Көңілі — қайран ақын дария-тын,
Ақынның жалғыз қалса сағынышы
Астана... Әнуарбек... Сағи ақын!..
Аралға қонған құстар, ұшып өтіп,
Толқыған талай ақын түсіп өтіп.
Ғабең мен Ғафу келген «төрт толғаулы»,
Өлеңнің ақ боз атын кісінетіп.
Арылып айдын мұңды қасіреттен,
Ақ толқын ақ моншағын шашып өткен.
Қазақтың өлеңінің Қуандығын,
Аралда шағала — ару ғашық еткен!
«Ақ балық, алтын балық, қандай балық?»
Халқымның Нұрғисасы таңдай қағып,
Алдынан шыққан сәтте ақ жеңгесі,
Өз-өзі жүре берген әнге айналып.
Толқынын толқынынан асыратын,
Теңіздей тентек мінез тасынатын.
«Толқыны бұлтқа ұмтылған Аралым»,— деп,
Толғанған, тебіренген Қасым ақын.
Теңіздің тыңдап өскен шолпыл үнін,
Бойына жинап өскен мол қылығын,
Көгінде шағала жыр шалқып ұшқан,
Мен де бір бұлтқа ұмтылғаи толқынымын!
Толғаған тебіреніп данасынбай,
Толқында туып-өскен баласындай...
Келеді бір толқыны бұлтқа ұмтылып,
Жарқылдар жыр жасыны Жарасымдай!
Көңілни ары итермей, бері беріп,
Жатсынбай толқынының төріне еніп.
Ақын ба, ақын емес толғанбаса,
Теңізім, тебіренген сені көріп!
Қияға құлаш ұрар жаралса Адам,
Ғарыштан туған жерге оралса Адам!
Космостың қырандары көзін тіккен,
Жер-ана жанарындай Арал саған!
Жанары жәудіреген жырға ұқсаған,
Дидары мәңгі көктем, гүлге ұқсаған.
Жанары жер деп өзіңе көзін тікті,
Ғарышқа қанаттанған тұңғыш Адам!
Туған ел қыраны ұшып сан қуанды,
Сағыныш құлағына салды ма әнді,
Жер-ана жанары боп айдынды Арал,
Көзінде Гагариннің қалды мәңгі!
Қалса да көз — жанарың жүректерде,
Қарт Арал, тірелдің бе ұлы өткелге.
Шаңқылдар шағалаң да кетті сиреп,
Шуылдар құс базардың күні өткен бе?
Сүйсе де сәулесі мол көгіңді Күн,
Толқыннан толқынданып көрінді мұң,
Теңіз қашып барасың, теңіз қашып,
Тағдырыңа толғанған Елім бүгін!
Ақыл-ой сағаларым қуып жүріп,
Үміттің әкелмесе суын бұрып,
Өртердей ащы тағдыр айдынында,
Тіршілік шаша алмайды уылдырық!
Аралым! Қалайша біз жай табалық?
Қазағым! Толғануда байтақ алып,
Келгенде теңіз таппай қалмас үшін
Келер Қүн ғарышкері қайта оралып!





Пікір жазу