01.09.2023
  47


Автор: Шөмішбай Сариев

Өмір деген тұрмайды қап-қарадан

Өмір деген тұрады: Таң мен Кештен,
Ғұмырлы екі араны жанмен кешкен;
Құпия, жұмбақ, сырлы дүниеге
Адамдар Армен келіп, Армен көшкен.
Өмір деген екі өзен: Мұң — Қуаныш,
Толқыны: Шындық — Жалған, Күлкі— Намыс.
Бір таяздан өмірде бір тереңдеп,
Бір лайланып, өмірде бір тұнамыз.
Күн десең де, тірлікті түн десең де,
Өмірде өсімдіктей бүрлесеңдер,
Жолында жолығатын қос тағдыр бар:
Жусан-Жантақ, Гүл-Тікен, Гүл мен Шеңгел.
Өмір дәмі, екі дәм: Ащы-Тәтті,
Таңдайыңа тиеді: Жұмсақ — Қатты.
Жолында жолығатын екі тағдыр,
Күтеді Адам үшін сын сағатты.
Өмір дәмі, екі дәм: Улы — усыз,
Тірлік татып жатады Шулы-Шусыз,
Кез келіп тағдырына келеді Адам,
Жұмыр Жер құрлығындасулы-сусыз.
Қолға түспес дүние жұрт таласқан,
Кітап—Өмір парағын құнттап ашқан,
Сезінер жүрегімен, жаныменен,
Өмір әр кез ашық Күн, Бұлт та басқан.
Өмір деген тұрмайды: Қап-қарадан
Өмір деген тұрады: Ақ-қарадан,
Ақ-Қара, екі арасын ашып өтіп,
Арымен өз бақытын тапқан Адам!





Пікір жазу