Ғұмыр
Аңыз
Ғұмыр жайлы айту үшін әмірін,
Жинап алып жаны бардың бәрінде,
Жер мен көкті жаратушы тәңірің,
Жар салдырып құдіретті ғаламға,
Ең әуелі былай депті Адамға:
— Саған, Адам, тілді берем, сөз берем,
Ақыл берем, парасат пен көз берем,
Тауды берем, таудай биік болсын деп,
Теңіз берем — Бар кемері толсын деп,
Дала, мұхит, орманым да сенікі,
Дана, ұлы жолдарым да сенікі,
Арман, үміт, толғағым да сенікі.
Қидым саған, бар қуаныш, бақытын,
Бірақ сенің қысқа өмірде уақытың,
Бар айтарым: болсын биік тұғырың,
Кестім саған, отыз жыл деп ғұмырың!
Қысқа болып бақыты мол өмірі,
Табиғатқа разы болмай көңілі,
Жаратушы тәңірінің алдында,
Адамзаттың ақталмапты сенімі!
...Хайуанның бірі кейін қалды ма
Тәңіріне басын иіп барды да,
Өмір-ғұмыр мәселесін шешуге,
Аңыратып есек қойды алдына.
Сонда әлемге жарлық етіп әмірін,
Сол есекке былай депті тәңірің:
Асың дәмсіз, ішер суың лай болар,
Тәңір емес, адам саған, құдай болар.
Азапты —
Мәңгі-бақи өкшелерсің,
Тірлікте—
Мехнатты көп шегерсің,
Болмайтын бақытыңа, құмартумен,
Өле-өлгенше өтерсің: жүк артумен!
Айтарым: .
Төмен болсын тұғырың,
Кестім сенің елу жыл деп ғұмырың!
Тағдырына сорлы байғұс жылапты,
Алдына кеп тізе бүгіп құлапты.
Есек сонда жаратқанға бас ұрып,
Жиырма жылын азайтсаң деп сұрапты.
Разы болмай отызына манадан,
Бар ғұмырын ұзартуды қалаған,
Сол есектің жиырма жылын ал, Адам:
«О, тәңірім қайта гөр,— деп — райдан»,
Жалынышпен сұрап апты құдайдан!
...Хайуанның бірі кейін қалды ма?
Тәңіріне басып иіп барды да,
Өмір-ғұмыр мәселесін шешуге
Үріп тұрып ит те қойды алдына.
Сонда әлемге жарлық етіп әмірін,
Үрген итке былай депті тәңірің:
Үріп қойып, жат біреуге күн бе күн,
Үй күзету, үйді қору міндетің.
Қалған-құтқан сүйектерді кеміріп,
Есік алды өтер сенің өмірің.
Бар айтарым: төмен болсын тұғырың,
Кестім сенің елу жыл деп ғұмырың.
Алдына кеп тізе бүгіп құлапты.
Ит те сонда жаратқанға бас ұрып,
Жиырма жылын азайтсаң деп сұрапты.
Разы болмай елуіне манадан,
Бар ғұмырын ұзартуды қалаған,
Ит сорлының жиырма жылын ал, Адам
«О, тәңірім қайта гөр,— деп — райдан»,
Жалынышпен сұрап апты құдайдан!
...Хайуанның бірі кейін қалды ма,
Тәңіріне басын иіп барды да,
Өмір-ғұмыр мәселесін шешуге,
Майысып кеп маймыл қойды алдына.
Сонда әлемге жарлық етіп әмірін,
Сол маймылға былай депті тәңірің:
– Сен мәңгілік бала боларсың,
Бала-шағаға қара боларсың.
Адамға ұқсас түрің болғанменен,
Баладан өткен шала боларсың,
Бар айтарым: төмен болсын тұғырың,
Кестім сенің алпыс жыл деп ғұмырың!
Тағдырына — сорлы байғұс жылапты,
Алдына кеп тізе бүгіп құлапты.
Маймыл сонда жаратқанға бас ұрып,
Отыз жылын азайтсаң деп сұрапты.
Разы болмай жетпісіне манадан,
Бар ғұмырын ұзартуды қалаған,
Маймылдың да отыз жылын ал, Адам,
«О, тәңірім қайта гөр, деп райдан»,
Жалынышпен сұрап апты құдайдан!
Дүниеде ақталғандай сезімі,
Қабыл болып марқайғандай көңілі,
Жалынышпен сұрап алып жүз ғұмыр
Ал, адамның басталыпты өмірі.
Іңкәр көңіл, ғашық жүрек мас күліп
Бақытынан ұяламай басқа үміт,
Отыз жасын өткізіпті әуелі,
Уайымсыз дәурен сүрген жас жігіт!
Таңырқасақ, тебіренсек, толғансақ,
Арман! Арман! Асу биік жолды аңсап,
Жалғандыққа табиғатың бұрмайтын,
Бақыт құсы, бақтың құсы қонған шақ.
Өз ғұмыры, өз жасы екен Адамның,
Сәби кезден, отызыңа толған шақ!
Адам солай, отыз жасын бауыр ғып,
Өткізіпті алай-дүлей дауыл ғып.
Отызынан, елуіне жеткенше,
Арқасына арқалапты ауыр жүк!
Ауыр жүкті –
Көтеріпті Ана үшін,
Ауыр жүкті –
Көтеріпті бала үшін,
Ауыр жүкті –
Көтеріпті көкорай
Гүлдентем деп,
Нұрлы етем деп даласын,
Ауыр жүкті –
Көтеріпті жер үшін,
Танытам деп
Ерге лайық әр ісін.
Танытам деп
Абыройын,
Жеңісін!
Ауыр жүкті –
Көтеріпті даңқы үшін,
Талай-талай
Азап-қайғы шегіпті.
Талай-талай
Тағдыр тартып талқысын.
Өтті күндер –
Өтіпжатты дауылдап,
Өтті жылы –
Өтіп жатты жауындап.
Сонда-дағы
Иықтан жүк түспепті,
Күннен күнге
Бара жатыр ауырлап.
Толғап көрсең, толғана алып шамасы,
Ойлап көрсең, адамзаттың, қарашы:
Елу менен жетпісінің арасы,
Әр нәрсеге –
Арланатын кезі екен,
Үй күзетіп –
Қамданатын кезі екен.
Жылдам өткен өмір деп,
Таңданатын кезі екен.
Жалған дүние жолына
Жалғанатын кезі екен,
Құрбы да аз, құрдас жоқ,
Байланатын кезі екен.
Ошақ басы, от басы
Айналатын кезі екен...