01.09.2023
  58


Автор: Шөмішбай Сариев

Жазылыпты жартасқа сонау мұнар

Якут ақыны Таллан Бюрэдан

Жазылыпты жартасқа сонау мұнар:
«Осы өзендей болыңдар, жолаушылар!»
Оқыпты сан жолаушы көзін сүзіп,
Кетіпті әр жолаушы өзінше ұғып.
Талай дүлділ, дарындар өтті ме елден?
Әйгілі үш ғұлама көпті көрген,
Сөз мәнін ашамыз деп елге бөтен,
Бір күні сол жартасқа келген екен.
Сөз сырын көңіліне тоқып алып,
Былай депті біреуі оқып алып:
«Барлық халық, барлық елдер жиылып,
Өз еркімен бір арнаға құйылып,
Өзендердей бостандыққа жет деген,
Биік бақыт — бостандықтан жоқ деген».
Сөз сырын көңіліне тоқып алып,
Былай депті екіншісі оқып алып:
«Судың түпсіз тереңіндей тұңғиық,
Жүрегіне арнасы мол сыр құйып,
Өзендердей мөлдір болып өт деген,
Адалдықтан асыл мұрат жоқ деген»,
Сөз сырын көңіліне тоқып алып,
Былай депті үшіншісі оқып алып:
«Толқындардай тасқын сел боп көнілің,
Туған жердің көгертем деп өмірін,
Ағады өзен, соған ұсап өт деген,
Бұдан артық құдірет күш жоқ деген!»
Сол жартасқа кезіккеннің бәрі де,
Өз байламын айтады екен әлі де...


 





Пікір жазу