01.09.2023
  77


Автор: Шөмішбай Сариев

Көше бұрылысындағы кездесу

Баллада
Бір жайды айтсам деймін сыры қысқа,
Сыры қысқа болса да, жыры нұсқа:
Қаланың көшесінде екі мәрте
Екі дос кездескен-ді бұрылыста...

Бірінші кездесу
«Тәңірімнен ер бала сұрап едім,
Маңдайыма жазбады мына менің»,—
Деп мұңайып жүргенде ұлды болып,
Үш қыздан кейін көрді мұрагерін.
Сол күні ескі досын кезіктіріп,
Қуаныш, пәк сезімін көзі ұқтырып,
Оңаша сырласуға қолқа салды,
Мұңдылау кейпін оның сезіп тұрып:
— Айтар сырым көп еді өзіңізге,
Кездеселік көңілді кезімізде.
Қатысалық жиілеу, досым,— деді,—
Табу үшін жарасым сөзімізде.
Басылмай сезімдердің пернелері,
Бірін-бірі көп болған көрмегелі.
Арасы екі достың ұзай берді,
Бірі айта алмай, көңілі өрлегенін.
Тіршіліктің бақыты тербегенін,
Арасы екі достың ұзай берді,
Бірі айта алмай, досының келмегенін,
Бір күн бұрын баласын жерлегенін...

Екінші кездесу
Күндер жылжып,
Ақыры жылға жетер,
Мұз болып қатса-дағы,
Мұң да кетер.
Біреудің қайғыларын ұмыттырып,
Біреудің қуанышын ұрлап өтер.
Жолға тастап уақыт жарысканды,
Зымырап, өткен күндер алыс қалды,
Көшенің бұрылысында тағдыр бірде.
Қайтадан табыстырды таныстарды.
Тірілгендей кешегі солған гүлін,
Дәл бүгін орны қайта толғандығын
Айтпақ еді, баласын жерлеп қайтып,
Кездескен күн көңілсіз болғандығын.
«Құлқым жоқ шер тарқатып, мұң басуға,
Зауқым жоқ қазір менің, сырласуға»,—
Дегендей ұзай берді екіншісі,
Аңғартып қайғы барын бір басында.
Досы қалды:
Кемітіп барады кімді кім деп»,—
Дегендей,
Бойын намыс тұрды кернеп,
Сезбеді ол жүргеңдігін мұңға батып,
Үш қыздан кейін көрген ұлды жерлеп.
Біріне қайғы дауыл тағы тұрып,
Бірінің бақытымен, бағы тұнып,
Мұңменен, қуанышпен өмір кеште
Барады қала халқы ағытылып...
Тіршіліктің тына ма, тынбақ па әні?
Өмір күйін жатады жырлап бәрі.
Таудан аққан бұлақтай аялдамас
Қызық-ау бұл қаланың ырғақтары.
Мұңдасуға мұрша жоқ сырды ақтарып,
Сырласуға, мұрша жоқ мұңды ақтарып.
Құпия жазылмаған кітабымдай,
Қалалық тұрғыңдарым – жұмбақ халық!

Үшінші кездесу
Үшінші кезікпейме, кезіге ме?
Бір-бірін сезінбей ме, сезіне ме?
Қайғысын, қуанышын қайран достар,
Айта ма, Айта алмай ма, көзіне де?
Әңгіме ол жайлы емес, толғанғанға,
Толғанғанға, тереңдеу ойланғанға.
Әңгіме досты іздеуде, ұмытпауда,
Өмірде қайғы барда, тойлар барда.
Достықтың сыры терең, сыры қысқа,
Сыры қысқа болғанмен, жыры нұсқа.
Қайта айналып келмейтін мәңгілікке,—
Қалмайық досты күтіп бұрылыста...





Пікір жазу