01.09.2023
  67


Автор: Шөмішбай Сариев

Ән

Өркеш-өркеш, өрелі құмдарымен,
Тіркес-тіркес, төбелі шыңдарымен,
Қасіретті қайғы-мұңға қарамай,
Ән тербеген қайран менің далам-ай!
Әншіл жүрек қайран менің бабам-ай!
Күмбір-күмбір, ағатын бұлағымен,
Сылаң-сылдыр, қағатын құрағымен,
Қасіретті қайғы-мұңға қарамай,
Ән тербеген қайран менің далам-ай!
Мөлдіреген көгенкөз көлдерімен,
Шетсіз-шексіз, меңіреу шөлдерімен,
Қасіретті қайғы-мұңға қарамай,
Ән тербеген қайран менің далам-ай!
Әншіл жүрек қайран менің бабам-ай?
Асу, асу, әр тарау жолдарымен,
Орам-орам, сан тарау орманымен,
Қасіретті қайғы-мұңға қарамай,
Ән тербеген қайран менің далам-ай!
Әншіл жүрек қайран менің бабам-ай!
Арманы көп, Ата мекен жерімен,
«Елім-айлап», еңіреген елімен,
Қасіретті қайғы-мұңға қарамай,
Ән тербеген қайран менің далам-ай!
Дүрсілдеген, жүрек үні тынбаған,
Сазды әуенге, арқа сүйеп тұр ғалам,
Осынша жер болар ма еді-ау халқыма,
Ән әлдилеп, ән салмаса бұл ғалам!





Пікір жазу