01.09.2023
  89


Автор: Шөмішбай Сариев

Көктем

1. НАУРЫЗ
Осы орман тіршілік,
Кеудесін тосты шуаққа,
Сәбидей тәтті тіл шығып,
Еркелік бітті бұлаққа.
Көгімде құсым сайрады,
Сағынып, елге ағылып.
Даланың жүзі жайнады
Масаты көрпе жамылып.
Далада жұпар жусаны,
Орманда қайың, қарағай,
Жер-ана жатыр бусанып
Босанған тұңғыш Анадай!
Сылдырап сайдан, жырадан,
Жылғалар ақты жылт беріп,
Дүркіреп киік құлаған,
Басына үрей бұлт төніп.
Өзен шыңнан шықты асып,
Кесесін төмен төңкерді.
Иегін таудың мүк басып,
Етегін көкпен көмкерді.
Келешек қамын қамдаған,
Құстары салды ұясын.
Шыңынан таудың самғаған,
Қыраны тапты қиясын.
Ерте демей кеш демей,
Қой маңырап төлдеді.
Терісі – шілтер кестедей,
Қозының сұлу өрнегі.
Тіршілік шығып інінен,
Қылтитты басын ұрланып.
Табиғат ана тілімен,
Дүние жатыр жырланып.
Өрмелеп өмір өрге асты,
Мейірімге дала кенеліп.
Таразы басын – тең басты,
Күн мен Түнім теңеліп.
Жаңғырар дәстүр, салтымның,
Көзелсін бұлақ, жылғасы.
Қастерлі менің халқымның,
Мереке Наурыз – Жыл басы!

2.СӘУІР
Құстары қайтқан оралып,
Соғыстан соңғы көктемде,
Өмірдің гүлін оранып,
Сәуірлі шуақ төккенде.
Болыппын бір үй – көктемі,
Жеңіспен жеткен жұбаныш,
Өмірге келді өйткені,
Соғыстан соңғы қуаныш!
Көктеген көктем ауылым,
Тірліктен тауып жарасым,
Оралмай қалған бауырын,
Ұқсатқан маған анашым.
Қадамын еркін баса алған,
Бейбіт өмір төрлетіп,
Медеуі мен боп жасарған,
Көктемін анам тербетіп.
Ашыпты бұлтты қабағын,
Сәуірден туған сезімдей.
Бейбітшілікбаланың,
Бейғам жатқан көзіндей.
Көктемгі бүршік бүрлепті,
Өмірге көзін гүл ашып,
Інгалап елге үн жетті.
Тірліктің даусы ұласып.
Тілеулес анам тілеген,
Жол басы — көктем жолымның,
Жалғасқан жыры — бұл өлең,
Сәуірден туған сол үннің!
Дүниеге келіп бір балаң,
Іңгалап жатса, ұлы елім,
Тыныштық жырын жырлаған
Бәлкім, ол ақын жүрегің!

3. МАМЫР
Мамырлап атты жаңа Таң,
Далама сыйлап кәусарын,
Сипайды шуақ-алақан,
Сәулесі жайып саусағын.
Домбыра дәстүр салтымен,
Тағылды тірлік пернесі.
Сабырлы ұлы қалпымен,
Сейілді түннің пердесі.
Таралып шапақ тарапқа,
Таң нұры талмай өрлеген,
Үстемдік құрып алапқа,
Бозғылт сәуле дендеген.
Өмірдің тыңдап шат әнін,
Толғана толқып тал-қайың,
Ойлы Күн шашты шапағын
Сәулеге сүйеп мандайын,
Мейірімге мерей ұласып,
Тағдыры — дала шопаным,
Өлкеге ойлы сыр ашып,
Өргізді қырға отарын.
Қырқаға қарай беттеді,
Қайысқан қолдай көші өріп,
Жайылып жайлау-шекпені,
Жолында жатыр төселіп.
Соналар шағып желінін,
Сиырлар өрді мөніріп,
Мазасыз мамыр өмірі,
Тынымсыз тірлік төңірек.
Жасап та жатыр білгенін,
Өмірге іңкәр осы алап,
Биылғы буаз інгенің
Шығынып қашты бошалап.
Тоймай жүр тірлік шырынға,
Гүл қуып кеткен көбелек.
Тірелген үйдің ығында,
Жел қуып кеткен ебелек.
Көгінде бұлттың көші өрлеп,
Жетеді кейде желдетіп,
Рахыман жаңбыр нөсерлеп,
Өтеді кейде селдетіп.
Қимай да қимай күн қарап,
Қоштасты іңір кешінде.
Құшырмен төлін тұр жалап,
Құлындап бие бесінде.
Шегіртке үні шырылдап,
Мазасын алған ымырттың,
Жапырақ желге сыбырлап,
Құлағын салған тұнық түн.
Бейуақта көктен ағады,
Кейуақта жетер үн талып.
Жарқырап жұлдыз жанары,
Мамырдың айы тұр тамып.
Аңсады, нені қалады,
Кей уақта жүрек жабығып?
Бейуақта жастық барады
Мамырдың түнін жамылып!..





Пікір жазу