01.09.2023
  127


Автор: Шөмішбай Сариев

Дала тұлпары

Даламның тұлпарлары жосылды ағып,
Бейне бір көкте жұлдыз қосылды ағып,
Шапқан ат бауырына тартып жерді,
Дүние дөнгеленді сосын барып.
Ат басын қоя берді желге беріп,
Тақымы жабысқандай ерге берік,
Шабандоз көңілінде айналды жер,
Тұлпарлар тұяғымен дөңгеленіп.
Оянар намыстардың қалғығаны
Даланың шапқан ат-ау бар құмары.
Кең дүние ығысып кейін қалып,
Арманның алға асыққан арғымағы.
Дүбірлі тұяқтардың күйін қалап,
Шапқан ат шабысына сүйінді алап,
Арғымақ бауырында дауыл есті,
Арғымақ бауырында құйын борап.
Көрінді, әне, борандай бұрқап алып,
Ұшардай қанатымен шырқап алып.
Болашақты бетке алып бұл өмірде,
Келеді кең даланың тұлпары ағып!...





Пікір жазу