01.09.2023
  97


Автор: Шөмішбай Сариев

Бабаларға табыну

Қанатымын жыр атты ақиықтың,
Жаңа бетін ашатын тарихтың.
Танысалық, кел бермен, келер ұрпақ,
Ақыныңмын! Шөмішбай Сариевпын! —
Деп егер шалқып-тассам біреу күлер,
Біреу күлмес өмірде, біреу білер.
Тәуекел, толғайыншы тағдырымды,
Арқалы жырау бабам, тілеуді бер!
Өлмей жеткен өмірге атың маған,
Өрт болып өлең-жырда лапылдаған.
Қолдай гөр қанатымнан демеп мені,
Қолдай гөр, әруақты ақын бабам!
Жайым жоқ жабы ойдан жұқаратын,
Мен емес мұң-зарыңа мұқалатын;
Жиенбет жырау, мені желеп-жебеп,
Ақ батаңды бере гөр, Бұқар ақын!
Ағыстай алға озып ағатыным,
Қанатты қырандайын қағатыным,
Сезімді деміменен демеу берген,
Өлеңге тоқтамайтын Шал ақыным,
Дарындар жалындардан сыр аулаған,
Сыр аулаған жырларың тірі-ау маған.
Алдыңа тізе бүгіп қол жаямын,
Сары ұлы Ақтанберді жырау бабам.
Найза-тіл, жыр — қылышы, жаны —жалын,
Сарыарқа сазындай бір сағынарым.
Тәнті еткен жырларымен тәңірімдей
Махамбет аруағы табынарым!
Өлеңін қазақта жоқ, күй ұғамын,
Құпия, терең иірім, құйын-ағын.
Поэзия — патшасы, құдайындай,
Абайдың әруағы сыйынарым!
Екі өмірдің көпірі — өр өткелі,
Өлеңде өзге тұлға, бөлекдемі.
Жүз жасаған Жамбылдыңәруағы
Қолдасын қанатымнан демеп мені
Кеудесі ояу —
Өмірде көз ілмеген,
Көңілі ояу —
Төгілген сезімменен.
Сыр пернесін баса алар сырласыңмын,
Сыр сандықтың Сәкені, өзіңменен
Теңіздей толқып-тасып сан атылған,
Жыр-асау толқынындай жаратылған.
Аламан бәйгесінде сүріңдірмес,
Құлагер — ақын Ілияс, дара-тұлғам!
Кеудемді кезеп шыққан мың бұлақтан
Құралып сырбаз сырын сылдыратқан
Сыр бойының мен де бір дариясы
Болашақ теңізіне жылжып аққан.
Қасиетті қара өлең қайнарымын,
Қайнарымын — қара өлең қаймағының
Жалаудай-желкілдеген арман жолда
Пәк таза бала сезім айдарымын.
Бар менің ақындығым, албырттығым,
Бар менің ақындығым, аңғырттығым.
Құп-құйттай жүрегімнің дүрсілімен,
Шап-шағын өлең-өмір жаңғыртты үнін.
Бар менің осалдығым, қасиетім,
Қасиетім бар менің бас иетін.
Бар менің қуанышым бақытым да,
Бар менің қайғы-мұңым, қасіретім.
Өмірге өкпем бар деп айта да алман,
Жоқ деп те өкінішім жай таба алман
Құшағыма сыяр ма байтақ дала,
Мандайыма сыяр ма байтақ арман?!
Қапылы қапы кеткен қайғы есімде,
Қалады арғымағым қай көшімде?
Барады құйғып-ағып өлең-тұлпар,
Өмірдің жорға жарыс бәйгесінде.
Басылмай көңілдерден бар құмары.
Алыстап армандардың қалды бәрі.
Аламан жарыстарда арындайтын
Аламан бәйгелерім алдымда әлі.
Білем бе, білмеймін бе, сезем нені?
Жақсы, Жаман артымнан сөз ергелі.
Еркіме қояр емес өлең деген,
Ағызып бара жатыр өзен мені...
Сапарды ұзақ-алыс салғасын ба?
Кеменің мүшкіл халі бар басымда.
Толқиды алай-дүлей толқын өмір
Тіршілік теңізінің арнасында.
Туыппын толғағы мол теңізде мен,
Теңізбен жаным менің егіз дер ем,
Өмірдің теңізіне сапар шегіп,
Өлеңнің толқындары, сені іздеп ем.
Сапарға алып шықты дертім бары,
Армандай жеткізбеді, жол тынбады.
Дауыл сезім оятып теңіздерден,
Сені іздеп ем, өлеңнің толқындары!
Таба алмай тала-талай құлазыдым,
Жаныма шипа болмай жыр азығым.
Жыр-ғалам әуеніне құлақ түріп,
Әлемнің мен тыңдадым біраз үнін!
Задында қайталанбас зәру әнім,
Көз алдымда оралып бала уағым.
Сөйлесемін оңаша жоқ тәңірмен,
Елестеп ата-бабам, әруағым.
Өмірде махаббаттың биігі анық,
Сол биікке қайтамын жиі барып.
Дос-жаранды отырам көңілменен
Ақ қағаздың алдына жиып алып.
Боран-жыр, борай алмас ұлпа күймен,
Шығамын қанат байлап шырқап үйден,
Достасамын мен кейде бұл өмірмен,
Қоштасамын, мен кейде бұл фәнимен
Бір күнде тұла бойды он сан демеп,
Өртейді шабыт-жалын қонса кенет.
Білмедім, біле алмадым не күш барын,
Осы мен тегі ақын болсам керек!





Пікір жазу