01.09.2023
  73


Автор: Шөмішбай Сариев

Муза — менің мұратым

Муза, сен мұратымсың, мұң-қайғымсың?
Мұң-қайғымды сен бірақ тыңдаймысың?
Арманның ащы дәмін жұта-жұта,
Өкініп өтер ме екен бұл байғұсың?
Муза, сен мұратымсың, бал шағымсың,
Құлыншақ, құлын тайдай бар шабысың;
Баянды, баянсыздау бақытымдай
Басымнан үркіп ұшқан қанша құсым?
Муза, сен мұратымсың, жастығымсың,
Ашынсам ағыл-тегіл ащы үнімсің.
Жылай алмас жүректі жігіттейсің,
Іркіліп, жанарыма жас тығылсын.
Муза, сен мұратымсың, бақ талайым,
Алдында арманды айтып ақталайын.
Тірлікте бостан-босқа құр қол кетіп,
Мен қалай құрдымыңа аттанайын?
Муза, сен мұратымсың, ар-намысым,
Ар-намыс биігіне самға, құсым.
Құп-құйттай дүрсілдеген жүрегімнің
Үп-үлкен миға сыймас арманысың!
Муза, сен мұратымсың, мұратымсың,
Мұхиттың толқынындай сұрапылсың,
Өңімде маза бермей елес болып,
Түсіме енетұғын ұлы ақынсың.





Пікір жазу