31.08.2023
  94


Автор: Шөмішбай Сариев

Мұз айдыны

Жастық шағым — айдын мұз,
Сырғанадым желікпен:
Көз алдымда қай бір қыз,
Аумайды ерке еліктен.
Басылмай от, бойда аптық,
Сырғанадым ән — күймен.
Аяғыма — бойдақтық,
Байлап алған конькимен.
Конькиші қыз қиялап,
Осы бір сәт қашты алдан,
Жүрегіме ұялап,
Желік жарыс басталған.
Арман қуу қайғым ба,
Қуа-қуа таядым.
Бірақ жалтыр айдында,
Тайып кетіп аяғым,
Жете алмай қап құлағам...
Бір қыз сүйеп тұрғызды.
Мінезі әсем ұнаған.
Енді қудым бұл қызды...
Жастық шақ та — айдын мұз,
Басылмайтын желігің.
Алдыңды орап қай бір қыз,
Зулайды ерке елігің.
Бойдақ кезде әр күн біз,
Коньки тептік байлап ап
Жастық —
Неткен жылтыр мұз.
Жастық —
Неткен тайғанақ!





Пікір жазу